Деструктивті ағыммен күресті әлеуметтік желідегі жабық парақшалардан бастау керек

Деструктивті діни ағымдармен күрес жайлы көп айтылып келеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Мамандар мен саясаттанушылар не дейді?

Кей азаматтар бұны тіпті тұтас дінмен күресу ретінде қабылдап, қате түсінеді. Алайда сену-сенбеу әр адамның жеке құқығы. Конституция бойынша да, демократиялық құндылықтар бойынша да әр адамның сенім бостандығына шектеу қойылмайды.

Мысалы біздегі «Діни сенім бостандығы» туралы заңда: «Қазақстан Республикасының, басқа мемлекеттердiң азаматтары және азаматтығы жоқ адамдар жеке өзi, сондай-ақ басқалармен бiрге кез келген дiндi еркiн ұстануға немесе ешқайсысын ұстанбауға құқылы, дiнге деген, құдайға құлшылық жасауға, дiни жоралар мен рәсiмдерге, дiндi оқып-үйренуге қатысуға немесе қатыспауға көзқарасты айқындау кезiнде қандай да бiр күштеп мәжбүр етуге жол берiлмейдi», - деп жазылған. Яғни, әр адам өзі біледі. Сене ме, сенбей ме, өзі шешім қабылдайды.

Яғни деструктивті ағыммен күресті тұтас дінмен күрес деп қабылдамау керек. Деструктивті ағыммен күресті жүргізуді ең алдымен әлеуметтік желідегі жабық парақшалардан бастау керек дейді мамандар. Ол үшін әр азамат өз үлесін қоса алады екен.

Оның бірқатар белгілері де бар көрінеді. Мамандар былай дейді:

Егер азамат желідегі аты-жөнін жасырса, бүркеншек атпен отырса, фотосын қоймаса (былайша айтқанда фейк болса), алайда насихатты күні-түні жүргізсе, демек ол мақсатты түрде насихат жүргізуші және қандай да бір нұсқаулық арқылы әрекет етуші. Егер сізді қандай да бір жабық топқа қосылуға шақырса, оған арнайы құпия сөз және код беріп, оны ешкімге айтпауды ұсынса, демек ол да қандай да бір деструктивті ұйыммен байланысты болуы мүмкін. Егер бірнеше адамға бір куратордан тағайындалса онда сөзсіз деструктивті ағым құрығында болуыңыз мүмкін. Міне, желідегі деструктивті ағымдармен күресетін мамандар осындай ақпаратты айтуда.

Дәл осындай ақпаратты әр ата-ана білуге тиіс дейді олар. Өйткені балалар мен студенттер көбіне әлеуметтік желіде отырады және ата-аналары олардың қандай топтарда отыратынын, кіммен араласатынын көп жағдайда қадағаламайды. Мысалы Сирия асқандардың көбі әлеуметтік желідегі жабық топтарда болған екен. Зерттеулер солай дейді.

"Сол себепті де деструктивті ағымдармен күрес тек қана мемлекеттің, күштік құрылымдардың әрекетімен шектелмейді. Әр адам отбасындағы жандардың не істеп жүргенін қадағаласа, алдын алу оңайырақ болады дейді сарапшылар", - деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали.