Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Санасы әбден уланған кейбірі теріс ағымның терең батпағынан әлі шыға алмай жүр. Бүгінгі мақаламызда Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасы жанындағы «Кеңес беру және оңалту» орталығына дер уақытында хабарласып, теріс-оңды ажыратып, дұрыс жолды түсінуге талпынған Сәлима жайлы сөз қозғаймыз. Ол теріс ағымның жетегінде кеткен бұрынғы күйеуі мен енесінен бауыр еті балаларын қорғап қалу үшін шырылдайды.
Күйеуіммен кафеде таныстым – дейді, Сәлима. "Ол кезде жасым 22-де болатын, күйеуім 23 жаста еді. Төрт жылға жуық кездесіп жүрдік. Біз бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Ол кез келген отырысты жандандырып жіберетін өте көңілді жігіт-тін. Қыдырғанды, басқосуларды жақсы көретін. Осысы отбасына жақпады, қиындықтар туды. Өйткені күйеуімнің ағасы жалған сәләфилікті ұстанатын еді. Ол күнде діни жиналыстарға барып жүретін. Ақырындап ол осы теріс ағымға енемді тарта бастады. Енем біздің де сол діни жиналысқа баруымызды, отбасымызбен түгел қатысуымыз керектігін талап ете бастады. Көңілді күйеуімнің мінезі өзгеріп бара жатқанын байқадым. Бір күні ол маған жұмысты таста, намаз оқы, егер менімен бірге тұрғың келсе, хиджаб киесің" - деді.
Мен оған жұмысымды тастамайтынымды, хиджабты кие алматынымды айттым. Егер хиджаб кимесең, мен екінші әйел әкелемін деп кесімді түрде талап қойды. Оның бұл айтқанын енем, күйеуімнің ағасы барлық отбасы мүшелері қолдады.
Мен өзімнің және қыздарымның болашағын бұлай елесте алмадым, әрине. Өте қиын тиді. Ал қайынағам әйелінің жұмыс істеуіне, күйеуінсіз көшеге аттап басуына тиым салды. Ол дүкен аралауға да шыға алмай, тек үйінде отыратын болды. Оған дейін көлікпен жүретін абысынымның рөлге отыруына да қатаң тиым салынды. Бұл да ештеңе емес екен, ең сорақысы, сәләфилікті ұстанатындар балаларға ауыз салды, олардың жағдайы, тіпті аянышты. Қайынағам балаларын қымтап, бүркеп хиджаб кигізді, компюьтерлері, ойыншықтары, телевизор – бәрі өшірілді, көршілерге таратылып берілді.
Қысқа киімдерінің барлығы лақтырылып, ұзын киімдер алынды. Бұл үй ішіндегі ұстанымдар сыртқа біліне бермейді ғой. Проблеманың көкесі балалардың мектепке барар кезінен басталды. Мектеп біздің отбасымыздың қыздарын хиджабпен кіргізбеді. Олар баланың мектепке хиджабпен келуі заң аясына сыймайтынын айтты, бірақ, салафизмнің дертіне шалдыққан күйеуімнің ағасы, шешесі – бәрі ондайды түсінбеді және мойындамады.
Балаларды мектепке жібермей қойды. Байғұс балалар мектепке барудан, көшеге шығудан қалды, тек үйде отырады. Ертеден қара кешке дейін Құран жаттайды. Айналадағы көршілер, басқалар қыздардың неге мектепке бармай жүргенін сұраса, олар қашықтықтан оқып жүр деп жауап беретін, бірақ бұл – өтірік болатын.
Балаларымның аянышты жағдайына шыдай алмай, бір күні күйеуіме қыздарымның болашағы не болады, олардың өз таңдауы қайда қалады дегенді айттым. Ол бұл сөзіме титтей де құлақ түрмеді. Сөйтсем сәләфилердің соқыр ұстанымы бойынша қыздың болашағына әкесі жауапты, қыздарда таңдау жоқ екен. Күйеуді әкелері таңдайды екен. Оған дейін ол қыздар Құран жаттау керек, өздерінен кішкентай сәбилерді қарау қажет екен. Былайша айтқанда, қыздарымды бала кейіптегі шаруамен айналысатын әйелдер деп айтуға болады. Бала бағады, үй шаруасымен айналысады, әкесі күйеу таңдап, оларды сол өзі қалаған күйеуге қосқанша осылай жүре беруге тиіс...
Сәләфилердің тағы бір ұстанымы олардың әйелдері жылда туу керек деген талап бар. Шариғат солай дейді-мыс. Олардың әйелдері тіпті тоғыз ай жүрмей, жеті-сегіз айлығында туып қойып жататынын білемін. Тоқтамай, жылда туу мүмкін емес қой. Мысалы үшін, менің абысыным 45-тен асып кетті, бірақ әлі туып жатыр. Тоқтауға болмайды екен, бұл ағым ұстанушыларының түсінігінде. Мен мұндай қорлық өмірге шыдамай ажырасуға арыз бердім. Бір жетіден кейін бұрынғы күйеуім үйленіп алды. Ажырасу барысы созылыңқырап кетті. Жаңағы екінші әйелі төрт бала туып үлгерді.
Сәләфилер өздерінше өз әрекеттерін Құранмен байланыстырып, түсіндіргісі келеді, бірақ шынайы исламмен еш байланыспайды, мүлде басқа. Мысалы үшін, телевизор көруге, суретке түсуге, туған күн атап өтуге, мерекелерді тойлауға болмайды. Мереке-мейрам деген сөздерді тіпті айтуға тиым салынған. Бұрынғы күйеуім мені талай қорқытты. Үнемі үрей құшағында жүремін. Олардың «бауырлары (братство)» өте көп. Қорқынышты.
Қазір біз балаларымыз үшін әлі соттасып жүрміз. Оң-солын танымаған, ана сүтінен ауыздары кеппеген, бейкүнә балаларымды Сирия ма, басқа ма бір жаққа жихад деп алып кетсе, қайтемін. Қорқамын. Менің білуімше олардың лекция оқитын идеологтары бар. Байқағаным олар ол «ұстаздарымен» интернет арқылы байланысады және оның рұқсатынсыз еш нәрсе істемейді. Олар одан сұранады. Рұқсат болса, әйеліммен бірге барайын, немесе басқа елге қай кезде кетемін деген сияқты. «Ұстаздары» оларға нұсқау береді. Бастықтарынан ертең қандай тапсырма келетінін білмейді олар. Бәрін бастықтары шешеді. Мәселен, тез жиналыңдар да, бәлен жерге барыңдар десе, ондай бұйрықты бұлар бұлжытпай орындайды.
Теріс діни ағымның ұстанымдарынан көңілі қалған Сәлима көрген-түйгенін ақтарудағы ойы балаларының болашағын ойлаудан туып отыр. Сәләфилердің әрекеті бүлдіршін балалардың болашағына балта шабу екенін көзімен көрген кейіпкеріміз басқаларды да осындай қара пиғылды топтардан сақтандырғысы келеді.
Шынайы исламда қандай да болмасын күнә жасаған адам тәубесіне келіп, шын жүрегімен Құдайға жалбарынып, дұға тілесе, тура жолға түссе, кешіріледі, Алла мейрімді, рахымды, тәубені қабыл етуші делінген. Бұл аят-хадистерді қазақша қарапайым айтқандағы тұжырым. Сол сияқты мемлекет те адасқан, қателескен, қылмыс жасаған азаматтарды заңмен жазалайды, сол арқылы түзейді, қайтадан ел қатарына қосылып өмір сүруіне жағдай жасайды. Өйткені Қазақстан Конституциясы бойынша мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам, адамның өмірі, оның құқығы мен бостандығы маңызды.
Мемлекет тарапынан жасалып жатқан әрекетке, жазылып жатқан дұрыс бағыттағы насихатқа назар аудару еліміздегі әрбір азаматқа қажет болып тұр. Мұның барлығы адасудың алдын алу шаралары. Сақтанайық, сақ болайық!