Диалог және сенім арқылы бейбітшілік пен тұрақтылыққа

Мемлекеттер арасындағы сенім сетінеп барады. Әлем бүгінде ядролық апатқа 60-шы жылдардан қарағанда әлдеқайда жақын.

Белгілі қазақстандық дипломат, ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Әбусейітовтың пікірінше, халықаралық диалог алаңдарындағы мемлекет басшылары адамзатты үшінші дүниежүзілік соғыстан қалай құтқару керектігі туралы ойлануы керек. «Елдер арасындағы өзара құрмет пен өзара түсіністікті нығайтуға жәрдемдесу – қазіргі заманның маңызды міндеті. Диалог үшін жағдай жасау өзекті мәселелерді шешудегі маңызды қадам болып табылады. 30 жылдық тарихы бар АӨСШК-тің диалог алаңы осы міндетті орындай алатындығын көрсетеді», - дейді дипломат. 

Айта кетейік, кеңесті шақыру идеясын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылғы 5 қазанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында айтқан еді. 

Бұл бастаманы Азия және Еуропа елдері басшылары қолдады. АӨСШК жұмыс істеген жылдары елдер арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық қатынастарды дамыту, есірткі трафигі мен терроризмге қарсы күрес саласындағы көпжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша маңызды құжаттар қабылданды. 


Кеңестің әлі іске асырылмаған әлеуеті зор, оны қазіргі әлемнің жағдайына бейімдеу қажет, - дейді Қайрат Әбусейітов.

2022 жылғы 12-13 қазанда Астанада АӨСШК-нің алтыншы саммиті өтеді. Жиынға 11 елдің басшысы қатысады. Бұл саммит қазіргі жағдай кезінде ерекше маңызға ие.