Diamond Princess кемесінен эвакуацияланған қазақстандық аштық жариялады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы 24.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.

Естеріңізге салсақ, коронавирус анықталған Diamond Princess кемесіндегі төрт Қазақстан азаматы SCAT компаниясының рейсімен елге оралған еді. Олармен бірге келіп, күтпеген жерден карантиге орналастырылған 16 адамның арасында Назым Басқынбаева есімді азаматша бар.

Телефон арқылы берген сұхбатында Назым аштық жариялауының себебін түсіндірді. Оның айтуынша, коронавирус белгілерін анықтау үшін 3 сынама алынуы тиіс еді. Алайда дәрігерлер үш емес, бес бірдей сынама алған. Не себепті артық сынама алынып жатыр деген сауалға мардымды жауап ала алмады. Сондай-ақ сынамалардың қандай нәтиже бергені жайлы ақпаратқа қол жеткізе алмаған соң, азаматшаның көңіліне күдік ұялады. 

Назым Басқынбаева, карантинге жатқызылған азаматша:

Мен сенбі күні осы іс-шараға жауапты орган өкілдеріне ниетімді айтқанмын. Сұрақтар қойдым. Ол сұрақтарға жауап ала алмадым. Егер сұрақтарыма жауап ала алмасам, дүйсенбіден бастап аштық жариялаймын деп ескерткенмін. Бұл ешкімге тосын сый емес, бұл алдын ала жоспарланған, алдын ала ескертілген іс-шара. Таң атқалы бері ешкім хабарласқан да жоқ. Ешқандай өзгеріс болған жоқ. Таңертең денеміздің қызуын дәрігерлер өлшеп, көңіл-күйімізді, хал-жағдайымызды біліп кетті, бар болғаны осы. Басқа ешқандай өзгеріс жоқ.