Диета жараның жазылуына көмектесе ме?

Ойық жара ауруы кезінде тиімді қалпына келу қатаң диеталық ұсынымдарды сақтамай және тағамның ағзаға әсер ету механизмдерін түсінбей мүмкін емес.

Бұл туралы Caravan.kz тілшісіне дәрігер-диетолог Сәуле Сұлтанова айтып берді.

Он екі елі ішектің ойық жарасы кезінде диетаның маңызы қандай?

— Он екі елі ішектің ойық жарасын емдеу науқастан тек тәртіпті ғана емес, тағамның зақымданған шырышты қабықпен қалай әрекеттесетінін терең түсінуді талап етеді. Мұндай жағдайда рацион — жай ғана уақытша шектеу емес, тіндердің қалпына келуіне (регенерациясына) әсер ететін ең маңызды құралдың бірі.

Қандай өнімдер қатаң түрде тыйым салынады және не үшін?

— Ең алдымен тұз қышқылының шамадан тыс бөлінуіне әсер ететін және шырышты қабықты механикалық түрде тітіркендіретін барлық тағамдарды алып тастау қажет. Бұл санатқа қою ет, балық және саңырауқұлақ сорпалары жатады. Қоректілігі жоғары болып көрінгенімен, олардың құрамында экстрактивті заттар болады. Олар асқазанды көп мөлшерде сөл бөлуге мәжбүрлейді, ал ол сөл ойық жараны тілгіштене “шаятындай” әсер етіп, жараны одан әрі асқындырады.

Қатаң түрде тыйым салынатын өнімдер қатарына кез келген ысталған тағамдар, маринадтар, тұздалған және қышқыл тағамдар, сондай-ақ ащы дәмдеуіштер кіреді. Капсаицин, сірке суы және тұздың артық мөлшері ішек қабырғаларына қанның көптеп ағуына себеп болып, қабынуды күшейтеді әрі қан кетуге түрткі болуы мүмкін.

Алкоголь мен газдалған сусындар агрессивті әсер етеді: химиялық күйік пен кебуді (ісінуді) тудырып, он екі елі ішектің қабырғаларын созады, бұл жараның тыртықтанып жазылуына кедергі келтіреді.

Ал шикі көкөністердегі қатты жасұнық (талшық) — мысалы, шикі көкөністер, шалғам, тарна, ақ қауданды қырыққабат, сондай-ақ ірі тартылған ұннан пісірілген нан — абразив секілді әсер етеді, яғни жараланған аймақты «қырып», қайта тітіркендіреді.

Мұндай өнімдерді тұтыну ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін: ауырсынудың күшеюінен бастап перфорацияға дейін — яғни ішек қабырғасының тесіліп, іш қуысына жарылуына дейін. Бұл — өмірге қауіпті жағдай.

Сондай-ақ тым ыстық немесе тым суық тағамнан сақ болған жөн, өйткені температуралық стресс шырышты қабықтың қайта қалпына келу процесін (эпителизацияны) баяулатады.

Бұл ауру кезінде қандай өнімдерді жеуге болады?

— Рационның негізін шырышты қабықты жұмсақ қаптайтын және қышқылды бейтараптандыратын тағамдар құрауы керек. Езілген ботқалар (сұлы, қарақұмық, күріш) пайдалы, оларды суға немесе сүтпен араластырып (жартылай) пісіруге болады.

Жалпы сүт ойық жара кезінде өте құнды өнім саналады, өйткені ол тұз қышқылын байланыстыру қасиетіне ие.

Майсыз ет пен құс еті — сиыр еті, қоян еті, тауықтың төс еті, күркетауық — рұқсат етіледі. Оларды буға піскен котлет, суфле немесе кнель түрінде ұсынған дұрыс. Еттің сіңірлері мен терісін мұқият тазалап дайындау маңызды.

Балықтан треска, минтай немесе хек таңдаған жөн, олар да буға пісірілген болуы тиіс.

Көкөністер — картоп, сәбіз, кәді, гүлді қырыққабат — тек қайнатылған немесе бұқтырылған түрде рұқсат етіледі және мүмкіндігінше пюре күйіне дейін жұмсарғаны дұрыс.

Жұмыртқаны буға піскен омлет немесе жұмсақ пісірілген түрде жеуге болады.

Тәттілерден кисель, желе, тәтті сорттағы пеште піскен алма және бал рұқсат етіледі.

Сары май мен тазартылған өсімдік майлары дайын тағамға қосылады, себебі олар тіндердің жазылуына ықпал етеді.

Нан тек кешегі пісірілген немесе жоғары сортты бидай ұнынан жасалған кептірілген сухарь түрінде ғана ұсынылады.

Аш жүру (ашығу) пайдалы ма?

— Көпшілік арасында тағам ішпеу ауру органға демалыс береді деген қауіпті жаңсақ түсінік бар. Алайда он екі елі ішектің ойық жарасы кезінде ұзақ уақыт ашығуға мүлде болмайды, яғни бұл қатаң түрде қарсы көрсетілім.

Себебі бос асқазанда бөлінетін тұз қышқылы қорытуға арналған «нысан» таппай, ойық жараның өзіне агрессивті әсер ете бастайды. Бұл көбінесе «аш қарынға болатын ауырсынуларға» әкеледі — ол осы дерттің классикалық белгілерінің бірі болып саналады.

Тамақтанудың ұзақ үзілістері аурудың асқынуын қоздырып, жараның жазылуын баяулатуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер ашығудың орнына бөлшектеп тамақтану қағидасын ұстануды ұсынады: тамақтану әр 3–4 сағат сайын, бірақ аз мөлшермен болуы керек.

Бұл әдіс қышқылдық деңгейін тұрақты ұстап тұруға көмектеседі және ас қорыту жүйесіне артық салмақ түсірмей-ақ, ағзаны қалпына келу үшін қажетті энергиямен қамтамасыз етеді.

Тек жедел қан кеткеннен кейінгі алғашқы сағаттарда ғана қысқа мерзімді «тыныштық» (тамақтануды уақытша шектеу) тағайындалуы мүмкін. Бірақ бұл тек стационар жағдайында, дәрігерлердің қатаң бақылауымен жүзеге асады.