Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірге жұмыс сапарымен келген танымал әнші, халық артисі Димаш Құдайбергенмен кездесіп, облыстың туризм әлеуеті жайында әңгімелесті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен туризм саласында қолға алынып жатқан жобалар туралы айтып, әншіні 2025 жылы Ақтау қаласында өтетін Түркі әлеміне ортақ мерейлі іс-шараға қатысуға шақырды.
"Димаш, қасиетті Маңғыстау жерінде сені көргенімізге өте қуаныштымыз. Сенің бұл сапарың – облысымыздағы туризмді дамытуға зор серпін береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Маңғыстаудың туризм саласындағы әлеуетінің жоғары екенін айтып, дамытуды тапсырған болатын. Бүгінде біз бұл салаға тың серпін беру үшін инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, туристер үшін қызмет сапасын жақсарту бағытында жұмыстанып жатырмыз. Баку және Дубай қалаларының үлгісімен Ақтау қаласының бас жоспарын қайта қарау мәселесін қолға алдық. Туристерді тарту мақсатында «Жылы жағажай» аумағында бірқатар жоба жасалып жатыр. Бұйырса Ақтауды ірі курорттық орталыққа айналдыру жоспарымызда бар", - деді Нұрдаулет Қилыбай.