Димаш Құдайберген концерттен түскен қаржыны Арыстағыларға аудармақ

"Өздеріңіз білесіздер, біздің ағаларымыз бен апа - сіңлілеріміз-Арыс тұрғындары қандай жағдайға тап болғанын... Сондықтан да мен қаражаттарымның бір бөлігін Арыс қаласында зардап шеккендерге беру туралы шешім қабылдадым", - деді әнші.

Димаш Құдайбергеннің "Арнау" жеке концерті елорда күні қарсаңына арнайы ұйымдастырылған. Концертте қазақ халық әндері, белгілі қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармалары, сондай-ақ Димаштың авторлық әндері орындалды.

Димаш өз елінде беріп отырған екінші жеке концертінде өнерге тәрбиелген ата-анасы мен ата-әжесіне және ұстаздарына алғыс айтуды ұмытпады. Арнайы концерт үшін әлемнің түкпір-түкпірінен келген шет елдік көрермендер Димаш үшін арнайы сыйлықтарын ала келген.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына қарағанда, билет 64 елден келген әншінің 10 мыңға жуық жанкүйерлері сатып алған.


Телекөрермендер Димаш Құдайбергеннің концертін 6 шілде күні Qazaqstan телеарнасында тамашалай алады.

Естеріңізге сала кетейік, Арыс қаласындағы әскери қоймалардағы жарылыс салдарынан үш адам қаза болған. Қазақстандықтар қала тұрғындарына көмек қорына миллиард теңге аударды.