Димаш қытайша әннің сөзін жаттау кезінде қатты қиналғанын айтты

Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.

"Чуйнон" әнін жаттаған кезде біраз қиналдым. Хан Хун әпкеміздің репертуарындағы тамаша ән. Тамаша әнші. Керемет әншінің репертуарынан ән орындау өте қиын. Сол себепті барынша тырыстым. Сөзіне ерекше мән беруге тырыстым. Бірақ қытай тілін білетін адамдар үшін ол белгілі бір мағынасы бар сөз ғой. Әннің жалпы мағынасын білемін. Дегенмен, әрбір сөзді жаттау қиынға соғады. Өйткені мен үшін ол әріптердің жиынтығы ғана болды" дейді Димаш. 

Айта кетейік, Димаш Құдайберген Singer-дің сегізінші кезеңінде Қытайдың өте танымал әншісі Хан Хунның репертуарындағы "Таң атты" әнін орындаған болатын. Одан кейін Хан Хун біздің жерлесімізбен өзі келіп жолықты. Ол Димашқа бұған дейін де қолдау көрсетіп жүріпті. 

"Осы сәтті пайдаланып, Хан Хун әпкемізге үлкен рахмет айтқым келеді. Оның былтырғы Singer жобасының жеңімпазы екенін бәріңіз білесіздер. Оның үстіне жасы менен үлкен болса да, құрмет көрсетіп, кішіпейілділік танытып, үлкен басын кішірейтіп, маған хабарласты. Ақ тілегін айтып, қанат бітіріп, шабыттандырды. Мен бұған қатты қуандым. Өйткені ол кісінің шығармашылығын өте жоғары бағалап, өте жақсы көретін едім. Енді оның тамаша адами қасиеттері бар екеніне де көзім жетті. Сол себептен көп рахмет айтамын" дейді Димаш Құдайберген видеосұхбатында.