Бір күн бұрын Димаш Құдайбергенов инстаграм парақшасында Абайдың өлеңін жариялады. Оның шетелдік тыңдармандары “Құлақтан кіріп, бойды алар” әнін қытай тіліне аударып үлгерген екен. Тыңдармандары тек Димаштың жеке өмірін емес, ол орындап жүрген әндерді де зерттеуге кірісіп кеткен сыңайлы.
“Кеше кешкісін Димаш өз инста парақшасына Абайдың өлең жолдарын жариялаған болатын. Өзінің көңіл-күйі, я ұнатқандықтан болар, әйтеуір жариялады! Не деген құдірет десеңізші?! Жанкүйерлері (тек Қытай елінің емес) лезде Абайдың өлеңдерін өзге тілдерге аударып, Абайды зерттеуге кірісіп кеткен екен! Бір жанкүйерлері тіпті өлеңді жаттап алып, “Ұлы ақынды неге бұрын білмегенбіз?” деп webo парақшасына жазыпты! Сөзім жоқ!.. Бұл бақытты сезіне алмаған бейшараларды аяймын! Тырнақ астынан кір іздегенше, Абайдың бір шумақ өлеңін болса да жаттап алыңыздаршы! Өзге ұлттар Ұлы ақынның өлеңін сайрап тұрғанда “еріншектік” бойды билеп, өз ақынымыздың бір өлең жолын білмей ұятқа қалмайық! Абай осы заманда өмір сүрсе, Димаш екеуі жақсы дос болар еді”, – дейді әншінің жан досы Алпамыс.
Расымен де, Димаштың инстаграм парақшасына кіріп, ол жерде бірнеше тілде пікір жазып жатқанын байқауға болады. Көпшілігі орыс, ағылшын, қытай тілдерінде жазылған.