"Дін мәселесі мектептен бөлек": Хиджаб мәселесінде барлық білім беру ұйымы ескертусіз тексеріледі

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. Бұл туралы видео әлеуметтік желіде пайда болды.

Министр мектептерде хиджаб киюге тыйым салу мәселесі әлі өзекті екенін атап өтті. Оның айтуынша дін мәселесі білім беру саласынан бөлек болуы тиіс. Бұған қатысты мектептердің өз ережелері мен мен заңдары барын еске салды.

«Біз осы ережелерді ұстанып, оларды орындауымыз қажет. Барлық білім беру ұйымы осы талаптарды орындайды, олар мектеп ережелеріне, жарғыға да енгізілген. Жеке білім беру ұйымдарына қатысты айтатын болсам, мәселен, Атырау облысындағы жекеменшік мектептен оқушының хиджаб киюіне қатысты шағым келіп түсті. Біз ол мектепті жаптық. Сол себепті мұндай жұмыстар жалғаса береді», – деді ведомство басшысы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Ғани Бейсембаев бұған дейін Кәсіпкерлік кодекс аясында министрлікте сигналсыз жеке мектептерді тексеретін құзірет болмағанын жеткізді. Енді бұл бағытта үлкен өзгерістер жүріп жатқанын айтады.

«Енді барлық білім беру ұйымының заңдылықтың орындалуын тексерумен сәйкестендіру үшін кез келген білім беру ұйымдарына ескертусіз кіруге мүмкіндік аламыз», – деді ол.

Еске салсақ, былтыр жыл соңында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептердегі хиджап мәселесі шешілген, орамал тағуына байланысты мектепке бара алмай жүрген оқушы жоқ деп мәлімдеген еді. Министр қыркүйектің басында хиджаб кигеніне байланысты 150-ден астам қыз мектепке бармағанын, бірақ кейін ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтып өтті.