Жалпы танымал продюсердің даулы оқиғалардың ортасынан жиі бой көрсетіп қалатыны жасырын емес.
Осыған байланысты Caravan.kz медиа порталының тілшісі продюсердің соңғы кездері болған даулы оқиғаларына шолу жасап көрді.
«Баян-Шаян мен Динара»: Баян Алагөзованың ақтөбелік емшімен болған жанжалы
Осы жылы ақтөбелік емші Бағдагүл Баян Алагөзова мен оның құрбысы Динара Сәтжан туралы өткір пікір білдіріп, кейін продюсер оны сотқа берген еді.
Емші «Қазақстанды ұстап тұрған екі қатын ғой. Біреуі – Баян-Шаян, екіншісі – Динара. Екеуі екі бай еркекті ұстап алған. Екеуінің жерге түкірігі түспей тұр. Бірақ қазақша сөйлеп елге жаны ашымайды», - деп пікір қалдырған.
Осыдан кейін продюсер мен тележурналист оны сотқа беріп емші бірнеше миллион айыппұл төлеп жазаланған болатын.
«Оның неліктен сатқын екенін айтатын уақыт келді»: ұстаз бен шәкірттің арасында болған дау-дамай
Продюсер биыл «КешYou» тобының 20 жылдық концертін үлкен шоу етіп көрсетті. Концерттің алдында әйгілі топтың барлық қатысушылары сұхбат беріп, түрлі қызықтар айтылған. Деректі фильм шыққаннан кейін «КешYou» тобының алғашқы жұлдызы Мөлдір Әуелбекова концертке қатысудан бас тартып, «қисынсыз шоу» деген баға берген еді.
Кейін Баян Алагөзова шәкіртіне жауап беріп, «оның неліктен сатқын екенін айтатын уақыт келді» деген пікір білдірген еді. «КешYou» тобы туралы кезекті деректі фильмде продюсер Мөлдір Әуелбекованың Бағым Мұхитденованың арқасына пышақ сұққанын айтқан еді.
«Бағым оған анасындай қарап, қолынан келген көмегінің бәрін жасады. Ал Мөлдір болса, бес жыл бойы оның арқасынан пышақ сұғып келді. Содан бері 15 жыл өтсе де, Бағымның жүрегіндегі сол бір өкпе мен ауырсыну әлі басылған жоқ. Ол әлі күнге дейін ем алып жүр», - деп ағынан жарылған продюсер.
Дана Орманбаевамен болған жанжал
Баян Алагөзова белгілі журналист Дана Орманбаевамен де жанжалдасып, іс тіпті сотқа дейін жеткен еді.
Продюсер журналист өзіне боқтық сөздер айтты деп айыптап, оны сотқа берген еді.
«Маған «с,,а», «мра**» деген боқтық сөздер айтты. Онымен менде ешқандай жанжал болған емес. Ол менімен белгісіз себептермен араздасты. Маған қатысы бар нәрсе бірде резонанс болады, ол бұны біледі. Маған қатысты жазған сөздерінің барлығы қарғыс сөздер», - деп айтқан продюсер.
Кейін журналист Дана Орманбаева Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат беріп болған жайт туралы өз шындығын айтып берген еді.
«Ол зорлық-зомбылық құрбандарына арнап, реабилитациялық орталығын ашты. Бұл Салтанат Нүкенова қайтыс болғаннан кейін болғандықтан, мен бұл жағдайға бейжай қарай алмадым. Неге? Өйткені, 2021 жылы 2 жыл, 1 ай бойы Лиза Пылаеваның отбасына көмектестім. Мен оның әкесіне, яғни Лизаның әкесіне көмектестім. Өйткені, Лизаның отбасы екіге бөлінді. Баян қыз өлген кезде сол үйде болған отбасыны қолдады. Ол Лизаның нағашы жағы. Баян олардың үйіне кіріп сұхбат алды. Оны сынауымның ең басты себебі осы сұхбат болды», - деп жауап берді журналист.
Баян Алагөзованың Дана Орманбаеваға қарсы екі сотты жеңіп, журналистің айыппұл төлеуіне тура келіп, тіпті елдің алдында продюсерден кешірім сұрауы керек болған. Алагөзованың айтуынша Орманбаева әлі кешірім сұрамаған.
Қыз Жібектің киімін иемденген продюсер
Әйгілі Қыз Жібектің камзолын иемденген Баян Алагөзова осыған байланысты да басы бәлеге қалған еді. Гүлфайруз Смайылованың қолынан жасалған әйгілі камзол продюсерге бұйырған еді. Кейін үлкен дау туындағаннан кейін продюсер камзолды Меруерт Өтекешоваға қайтарып, тіпті оған Астандан су жаңа пәтер сыйлаған еді.
Одан соң әйгілі камзолға ұқсайтын жаңа киімді продюсер көрсеткен еді. Белгілі дизайнер Аида Кауменова оны қайта жаңғыртқан. Баян Алагөзованың айтуынша, ол «Қыз жібек» киім үлгісін кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
«Діннен әбден шаршаған» Баян Алагөзова
Жақын күндері продюсер threads желісінде «дін мен оның насихатынан әбден шаршағанын» айтып жазба қалдырған еді. Оның бұл жазбасы бірден тарап, көпшілік қауым оны қатаң сынға алған еді.
«Мен дін мен оның насихатынан әбден шаршадым. Бірден айтайын, мені тозақпен қорқытудың қажеті жоқ, ол мен үшін жоқ. Әлемде бірде бір адам тозақты, жұмақты көрдім деп айта алмайды» деп жазба қалдырған еді.
Кейін оны бірнеше адам сынға алып, тіпті «Maxi чай» сусынынан бас тартуға шақырған еді. Қазақстандық БАҚ беттері продюсердің кешірім сұрағаны туралы мақала жариялағанымен, оның шынымен кешірім сұрағаны беймәлім. Өйткені, әлеуметтік желідегі парақшаларынан қарасаң Алагөзова ондай жазба жарияламаған.