Көпшілікті мазалап жүрген шұжық өнімдері халық арасында түсініспеушілік пен таңдау мәселесі алаңдатуда. Осы жөнінде оқырмандарымызға пайдасы тисін деген мақсатта Caravan.kz медиа-порталының тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Халал Даму ЖШС-нің директоры Әнуар Елжанов мырзамен сұхбаттасты:
- Сіздер сертификат берген мекемелерді (шұжық өнімдерін) қанша уақытта тексерістен өткізіп отырасыздар? Оны кімдер тексереді?
- Арнайы ҚМДБ-ның халал сертификатын алған мекемелерді, соның ішінде шұжық мекемелерін әр айда кезекті және кезектен тыс уақытта тексеріп отырамыз. Еліміздің әр облысында халалға жауапты болып бекітілген 18 өкіліміз, яғни инспектор-контролерларымыз бар. Олардың қолдарына тексеріске арналған акт құжаттары беріледі және тексеріс барысын фотоға түсіріп, ашық түрде «Халал Дамудың» әлеуметтік желілеріне жариялап отырамыз. Қазігі таңда, тағамның құрамына түрлі белгісіз қоспалардың араласуына орай шетелдік және отандық өнімдердің құрамын анықтау үшін заманауи лабораторияның көмегі қажет. Сол себепті, өзіміздің эксперт-технолог мамандарымыз «TreeGene» молекулалық-генеткалық зертханасы мен «КазНИВИ» Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты зертханасымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізуде. Сертификаттаудан өтетін барлық өнімдерді осы лабораторияларда сынақтан өткіземіз. Сонымен қатар, Астана қаласында орналасқан Ұлттық сараптама орталығымен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін жоғарыда аталған екі зертханадан 1000-нан аса өнім тексерістен өткізілді.
- Мал еті мен шошқа етінен жасалған шұжықтардың айырмашылығы тек етінде ғана ма? Қоспаларында да айырмашылық бола ма? Дәмінде өзгешелік білінбейтін сияқты.
- Доңыз – ең әуелі бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ Тағала «жемеңдер» деп тыйғаны үшін харам. Мұсылмандар Аллаһ Тағаланың тыйған тыйымдарының астарлы хикметін, зиянын білмесе де «неліктен, неге?» деместен дереу бойұсынуға тиіс. Себебі, оны бұйырып тұрған ұлы иеміз Аллаһ Тағала. Дінімізде бір нәрсе харам болса, хикметін білмесек те, оның харам екендігіне сенуіміз керек.
Шошқа – әртүрлі нәжісті жейтін лас жануар. Зиянды болғандықтан, тек бізде ғана емес, еуропалықтар да біреуді ренжіту үшін «шошқа» дейді.
Тауратта да шошқа етіне тыйым салынғандықтан, бүгінгі яһудилер де шошқа етін жемейді.
Бүгінде медицина адамға ең көп зиян тигізетін және ауруларды тудыратын еттің шошқа еті екендігін дәлелдеген.Шошқа етінің басқа малдардың етінен ешқандай да үстемдігі жоқ. Оның үстіне қорытылуы қиын, ақуыз мөлшері өте аз. Шошқа етінің басқа да зияндары анықталса, тағы да «Дәл мына себептен шошқа еті харам етілген» деп айтуға болмайды. Бірақ, ешбір зияны анықталмаса да дініміз тыйым салғандықтан, шошқа етін жеу харам болады.
Сол себепті біз шошқа етінен жасалынған шұжықтарға рұқсат бермейміз. Сондай ақхалал өніммен бірге харам өнімді де өндіретін аралас шұжық цехтарына да халал сертификаты берілмейді. Біз тек Аллаh Тағала халал деген малдардың етінен шұжық өндіретін кәсіпорындарды сертификаттай аламыз.
Екіншіден айырмашылық, барлық шұжықтарға қосылатын қоспаларда(ингредиенттер), яғни бұл қоспалар да зертханада міндетті тексерістен өтуі тиіс. Себебі, кәсіпорындар шошқа етін немесе шошқа майын пайдаланбауы мүмкін, алайда, ингрединеттердің құрамында шошқа ДНК-ы кездесетін жағдайлар көптеп кездеседі. Оны лабораториялық зерттеу жүргізбейінше көзбен көріп немесе дәмін татып, иіскеп анықтау мүмкін емес. Біз жүргізген лабораториялық зерттеу нәтежиесінде біраз ингредиенттер құрамынан шошқа ДНК-сы анықталды.
Сонымен қатар шұжықты зерттеу барысында тауық етіне де аса көп мән беріледі. Яғни шұжыққа қосылатын тауық етті-сүйекті жеммен қоректенбеуі тиіс және міндетті түрде қолмен «бисмилләмен» бауыздалуы қажет.
- Діни басқарма бекіткен Қазақстан бойынша халал деп танылған өнімдерді тексеретін неше компания бар? Менің түсінігімше, бір ғана компания болу керек сияқты. Халал, мұсылман, ҚМДБ деген сияқты бірнеше атаулар бар. Оны көпшілік айыра алмайды. Бұл жөнінде не айтасыз?
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рұқсат берген бір ғана мекеме бар. Ол – «Халал Даму» ЖШС. Аталмыш мекеме 2016 жылдың ақпан айынан бастап сертификат беруді қолға алып келеді.
Расында шұжық атауларына байланысты әр түрлі атаулармен нарықты жаулап алған. Біз өзіміздің тексеруімізден өткен шұжықтарға ғана сенім білдіре аламыз. Өзге халал таңбасы бар шұжықтарға жауап беруден бас тартамыз.
- Қазіргі таңда қанша өнім шығаратын орындар бар? Нақты санын айтсаңыз.
- Қазіргі таңда «Халал Даму» ЖШС-ға тіркеліп, келісімшартқа отырған компаниялар саны – 264.
- «KFC» өнімі халықаралық «Халал» куәлігіне сай келеді» деп жазды инстаграм парақшасында. Ол жөнінде не айтасыз?
- Біздің тараптан КFC мейрамханасынан сертификатымыз қайтарылды, яғни ҚМДБ-ның халал стандартына сай емес. Дегенмен КФС мейрамханасы басқа ұйымнан сертификат алғандығын мәлімдеді. Аталмыш ұйымның атқарған жұмысына ҚМДБ жауапты емес. Яғни аталмыш ұйым қандай стандартқа сай жұмыс істейді және ол стандарттың талаптары қандай, зертханалық жұмыстары, бақылау-қадағалау жұмыстары қалай атқарылады сол жағы бізге беймәлім болғандықтан нақты жауап беру қиын.
Сұхбаттасқан Назира Абсаттарова