Директордың орнына сабақ беріп шаршаған ұстаздар шу шығарды

- Директор орнынан алынсын! Ал кетпесе, біз балаларымызды мектепке жібермейміз!

Бұл – Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қойшыбек ауылындағы жалғыз мектептің мұғалімдері. Сабақтарын қойып, бүгін Білім министрлігіне базынасын айтуға жиналған. Арасында ауыл тұрғындары да бар. Барлығы да: «Директордың бассыздығы әбден бастан асып бара жатыр», - деп ашулы.   

Виктория Қалиева, мұғалім:

-Жоқ ұстаздар есебінен жалақы алатыны былай тұрсын, енді директор өтірік оқушы тізімін жасауды шығарды. Мектепке мүлдем келмейтін балаға қалай баға қоюға болады? Тексеру келсе, оқушыларға өтірік айтқызады, «оқиды» деп айтыңдар» деп.

Айсұлу Қалиева, мұғалім:

- Директордың сабағын өткізгенім рас. Бірақ ол кісі ақшасын өзі алып отырды. Бірақ сабағын мен өткіздім.

– Қанша уақыт өкізіп жүрдің?

– 2 жыл.

Жиналғандар сөзінше, құныққан басшы тіпті қажетті құжатқа қол қою үшін де өзіндік ақы сұрайтын көрінеді. Мәселен, Майгүл Рамазанова еркінен тыс директорға 75 мың теңге берешек болғандардың бірі. «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен қызы осында жұмысқа кірген екен.


Майгүл Рамазанова, Қойшыбек ауылының тұрғыны:

- Менен директор кіргеніме қол қойғанға 30 мың бересің, 45 мың үй құжаттарына қол қойғанға, сөйтіп 75 мың деп орынбасарын менің жұмысыма жіберіп, сол ақшаны талап етті.

Ал басшының өзі ел айтқанның барлығын жоққа шығарды. Айтуынша, бұл орнына қызыққан әлдекімдердің тапсырысы болуы мүмкін.  Істің ақ-қарасын енді комиссия анықтайды деп сенімді отыр.   

Айнаш Иманғалиева, мектеп директоры:

- Ол нәрсенің барлығы өтірік. Жала. Мен ауыл тұрғындарына айттым, бұны бастап жүрген бір кісі. Ол кісіге де, ақсақалдар алқасына да айттым. Ішкі саясатқа араласпаңыздар деп. Тексеру қорытындысы шықсын, егер тексеру қорытындысы маған қатысты бір қателік анықтаса, мен өз еркіммен жұмыстан кетемін.  

Ал құрамында білім басқармасынан бөлек прокуратура мен қоржы полициясының өкілдері бар комиссияның жұмысы осы апатда аяқталуы тиіс екен.