Д.Назарбаева: жабайы кендір өсетін алқаптарды ірі фармацевтикалық компаниялардың пайдалануына беру керек

«Шу алқабы 140 мың гектарды алып жатыр. Онда жылына 5 мың тоннаға жуық марихуана өсіруге болады. Мен кендір өсімдігіне қатысты көзқарасымызды өзгертуді ұсынып отырмын. Кендір қылмыстық мақсатта пайдаланылатын есірткі ғана емес, пайдалы ауыл шаруашылық дақылы», - деді ол дүйсенбі күні мәжілісте өткен «үкімет сағатында».

Д.Назарбаева «кендірден жасалған дәрі-дәрмектер әлемде қатерлі ісік пен СПИД-ке шалдыққан сырқаттардың ахуалын жақсарту үшін пайдаланылатынын» айтты. «Мәселен, ондай дәрілер Израильде, Чехияда, Канада мен Голландияда қолданылады (...). Әлем бойынша кендірден, яғни, техникалық және есірткілік кендірден 25 мың түрлі өнім өндіріледі», - деді депутат.

Осы орайда, ол Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа жабайы кендірмен күреспей, оны «медициналық мақсаттарда» пайдалануды ұсынды.

«Қаншама жылдан бері біздің құқық қорғау органдарымыздың Шу алқабында өсетін жабайы кендірмен күресіп келе жатыр (...). Осы күреске бюджеттен қанша қаржы жұмсалды? Бұл күрес тиімді ме? Шын мәнінде өзімен өзі өсіп жатқан жабайы кендірді игі, медициналық мақсатта, халық шаруашылығын дамыту мақсатында пайдаланатын уақыт жеткен шығар, бәлкім? (...) Сіз осы жерлерді ірі фармацевтикалық компаниялардың басқаруына беруге қалай қарайсыз? Олар сол жерге зауыт салып, өнім өндірер еді», - деді Д.Назарбаева.

Өз кезегінде министр Шуі алқабының «нөмірі бірінші проблема» болып отырғанын мойындады.


«Ол жақта штатымыз жоқ (...). Алдыңғы жылы ғана бірінші бөлімше ашылды, оны «Алқап» деп атадық. Американдықтар донорлық көмек негізінде инфрақұрылымын салып берді, қазір жұмыс істеп жатыр. Аптап ыстықта, кендірді оратын кезде барлық облыстардан 5-15 қызметкер жіберіп отырамыз. Бұған көп ақша кетеді. Іс сапар шығындарын есірткі дайындалатын уақытта жұмсаймыз», - деді Қ.Қасымов.

«Әрине, 140 мың гектардың бәрін құрту мүмкін емес. Кендір еліміздің барлық жерінде өседі (...). Сондықтан осы мәселені шешіп алу керек: не құртамыз немесе халық шаруашылығында пайдаланамыз», - деп қосты ол.