Доллар 440 теңгеден төмендеді: Теңге неге нығайып келеді және бұл қанша уақытқа созылады?

Caravan.kz медиа порталының тілшісі жалғастырады. 

Теңгені қандай факторлар нығайтып отыр?

AERC бас директоры Жәнібек Айғазин қазіргі теңге бағамының ұзақ мерзімге сақталатынын әзірге нақты айту қиын екенін атап өтті. Оның айтуынша, теңгені қолдап тұрған негізгі факторлардың қатарында базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, теңгелік құралдарға капиталдың келуі, Ұлттық қордан валютаның сатылуы, экспорттық түсім, салық кезеңі және Ұлттық банктің операциялары бар.

Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы теңгемен номиналданған қаржы құралдарына инвестиция салуды тартымды етеді. Ал экспорттық түсім мен Ұлттық қордан сатылатын валюта нарықтағы шетел валютасының ұсынысын арттырады.

Осының барлығы теңгені қолдайды. Бірақ бұл факторлардың бір бөлігі уақытша сипатта болуы мүмкін.

Күшті теңге кімге тиімді?

Теңгенің нығаюын ең алдымен тұтынушылар сезінеді. Доллар арзандаған кезде импорт тауарларының теңгемен есептегендегі бағасы да төмендеуі мүмкін. Бұл Қазақстан шетелден сатып алатын көптеген тауарға қатысты. Алайда күшті теңгенің экономика үшін әсері біржақты емес.

«Отандық тауарлар импортпен салыстырғанда қымбаттай түседі. Соған байланысты импортты көбірек сатып аламыз», – деп түсіндірді Жәнібек Айғазин.

Яғни теңгенің нығаюы шетелдік өнімді отандық тауармен салыстырғанда арзанырақ етуі мүмкін. Салдарынан қазақстандық өндірушілерге қосымша қысым түсіреді.

Экспорттаушылар үшін де жағдай күрделі. Егер компания тауарын Қазақстанда өндіріп, шетелге сатса, теңгенің нығаюы оның шетел валютасындағы түсімін ұлттық валютаға айырбастаған кезде азайтады. Сонымен қатар қазақстандық өнім шетелдік сатып алушылар үшін салыстырмалы түрде қымбаттайды. Әрине, бұл әсер барлық салаға бірдей емес. Мысалы, шикізат экспортының жағдайына әлемдік бағалар, әсіресе мұнай бағасы да тікелей ықпал етеді.

Күшті теңгенің мемлекеттік бюджетке де әсері бар. Ұлттық қор қаражатының едәуір бөлігі шетел валютасында сақталады. Валютаны теңгеге айырбастаған кезде доллар бағамы төмен болса, мемлекет сол көлемдегі доллар үшін бұрынғыдан аз теңге алады.

Сонымен бірге импорттың өсуі шетелдік тауарларға сұранысты арттырады. Егер экспорт осыған сай өспесе, бұл төлем балансының ағымдағы шотына қосымша қысым түсіруі мүмкін.

Ресей капиталының әсері бар ма?

Сарапшылардың пікірінше, теңгенің нығаюына сырттан келіп жатқан капитал да әсер етуі мүмкін. Атап айтқанда, Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз экономикалық байланыстарды ескерсек, Ресей капиталының қозғалысы валюта нарығына белгілі бір ықпал етуі ықтимал. Дегенмен, Жәнібек Айғазин теңге бағамындағы қазіргі өзгерісті тек Ресей факторымен байланыстыруға болмайтынын атап өтті.

Ресей Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі болып қала береді. Бірақ сыртқы сауда құрылымы да өзгеріп жатыр. Қазақстан импортының едәуір бөлігі Қытайдан келеді.

«Доллар-рубль және доллар-теңге динамикасын талдасақ, олардың мүлдем әртүрлі траекториямен қозғалып жатқанын көреміз», – деді Айғазин.

Базалық мөлшерлемені төмендету керек пе?

Сарапшылардың пікірлері ақша-несие саясатының алдағы бағытына қатысты да әртүрлі.

Марат Қайырленов қазіргі теңгенің нығаюы базалық мөлшерлемені жылдамырақ төмендетуге мүмкіндік беретін белгілі бір «мүмкіндік терезесін» қалыптастырды деп санайды. Оның пікірінше, қазір валюта нарығына теңгені қолдайтын бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр. Егер қолайлы кезең әлі біраз уақыт сақталса, оны ақша-несие саясатын жұмсартуға пайдалануға болады.

Сарапшы мұны экономикаға сыртқы ықтимал соққыларға алдын ала дайындалу мүмкіндігі деп бағалайды.

Қайырленов негізгі тәуекелдердің бірі ретінде Ресей рублінің күрт әлсіреуін атады. Ол 1998 жылғы және 2014–2016 жылдардағы дағдарыстарды мысалға келтіріп, рубльдің айтарлықтай құнсыздануы Қазақстан экономикасы мен теңге бағамына қысым түсіргенін еске салды.

Жәнібек Айгазин де базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде ұзақ сақталуы мәселесіне назар аударды.

Оның айтуынша, инфляция төмендеп жатқан кезде базалық мөлшерлеме мен инфляция арасындағы айырмашылық әлі де жоғары. Бұл ішкі сұранысты тежеп, несиелерді қымбаттатады.

Алайда Ұлттық банк шешім қабылдағанда инфляцияның басқа да ықтимал факторларын ескеруі керек. Олардың қатарында жанар-жағармай бағасының өзгеруі және коммуналдық инфрақұрылым жобаларының іске асырылуы бар.

Сондықтан базалық мөлшерлемені төмендету туралы шешім тек теңге бағамына емес, инфляцияның алдағы динамикасына да байланысты.

Бизнес неге доллармен несие алып жатыр?

Бизнестің валюталық несиеге қызығушылығы артып отыр. Сарапшының айтуынша, қазіргі кезде шетел валютасындағы несиелердің өсімі теңгелік несиелерге қарағанда жоғары. Бұған негізгі себеп – доллармен берілетін қарыздың пайыздық мөлшерлемесі төмен.

Теңге нығая берсе, мұндай несие бизнес үшін одан да тартымды болуы мүмкін. Алайда бағам кері бағытта өзгерсе, валютамен қарыз алған компаниялардың тәуекелі артады.

Сондықтан теңгенің қазіргі нығаюы тек тауар бағасына немесе экспорттаушылардың кірісіне ғана емес, бизнестің қай валютада несие алу туралы шешіміне де әсер етеді.

Теңге бағамы әрі қарай қалай өзгереді?

Сарапшылар қазіргі бағамның ұзақ уақыт сақталатынын нақты болжап отырған жоқ.

Бүгінде теңгені бірнеше фактор қатар қолдап тұр: базалық мөлшерлеменің жоғары болуы, капиталдың келуі, экспорттық түсім, Ұлттық қордан валютаның сатылуы және сыртқы нарықтағы жағдай.

Алайда бұл факторлардың кейбірі өзгеруі мүмкін. Сондықтан доллардың 440 теңгеден төмендеуі өздігінен теңгенің ұзақ мерзімді нығаю кезеңі басталды дегенді білдірмейді.

Қарапайым азаматтар үшін күшті теңге импорттың арзандауын білдіреді. Ал бизнес үшін әсері қызмет бағытына байланысты: импорттаушылар ұтуы мүмкін, ал экспорттаушылар мен шетелдік тауарлармен бәсекелесетін отандық компанияларға қысым күшеюі ықтимал. Сондықтан қазіргі теңге бағамын тек айырбастау пунктіндегі доллар бағасымен бағалау жеткіліксіз.