Доллар арзандады

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Мәліметке сәйкес, қыркүйек қорытындысы бойынша теңге 4,6%-ға нығайып, бір доллардың бағамы 440,49 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы (KASE) айлық орташа тәуліктік сауда көлемі 415 млн доллардан 474 млн долларға дейін өсті. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 10,4 млрд доллар болды.

Ұлттық қор қаражаты бойынша операцияларды жүргізу кезінде де, Ұлттық банк айнадай қайталау тетігін іске асырған кезде де нарықтық бейтараптық қағидаты сақталады.

Ұлттық банк қыркүйекте валюта нарығына интервенция жүргізбегенін атап өтті.

Зейнетақы активтеріндегі валюталық үлесті сақтау мақсатында БЖЗҚ-ның инвестициялық басқарушысы ретінде Ұлттық банк қыркүйекте биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алды. Сатып алудың жалпы көлемі 986 млн долларды немесе сауда-саттықтың жалпы көлемінің шамамен 9,4%-ын құрады.

Алдағы шешімдер зейнетақы активтерін инвестициялық басқару шеңберінде нарықтағы жағдайды ескере отырып қабылданады.

Ұлттық банк икемді бағам қалыптастыру режимін ұстануды жалғастыратынын мәлімдеді. Бұл режим теңгерімсіздіктердің жинақталуына жол бермей, алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз етеді.