Доллар күшейіп барады. Келесі жылы не болады

Бүгін кейбір валюта айырбастау пунктеріндегі долларды сату бағамы психологиялық 500 теңге межесіне жетті. Бірақ бұл рекорд емес. Доллардың шарықтауына не себепші? Қаржы сарапшылары не дейді? Caravan.kz медиа порталының материалында.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев доллардың шарықтауы мен Қазақстанның болашағына болжам жасады.

Трамп факторы

Парадокс, бірақ бүгінгі 500 теңгелік картина – теңгенің сырқаттануынан, Қазақстан экономикасының әлсіреуінен, әлдебір шоктан пайда болған жоқ. Мұнай барреліне 71 доллар межесінде қалып отыр. Біздің алтын-валюта резерві, сыртқы төлем балансы, мұнай түсімдерінде ешқандай ауытқулар байқалмады. Экономикамыз жыл қорытындысы бойынша 4 пайызға өсейін деп тұр. Ал сонда не болды?

Қарапайым айтсақ, теңге фундаменталды әлсіремеді, бірақ доллар өзімен өзі қатты күшейді. Доллардың әлемдік қуатын әлемдегі алты ірі валютаға қатысты өлшейтін DXY индексі 106,8-ге жетіп отыр. Соңғы бір айда доллар еуроға шаққанда 2,76 пайызға күшейген. Иена, юань, фунт стерлинг, дирхам – барлығы долларға шаққанда жаппай құнсыздануда. Бұл Трамптың сайлауалды экономикалық платформасы – Федералды резерв жүйесінің ставкасын көтеруге қатысты позициясынан туындаған нарықтық тренд. ФРС ставкасы өссе доллар автоматты түрде күшейеді. Трежеристердің кірістілігі артып (АҚШ қазынашылдық облигациялары), инвесторлар басқа валюталардағы облигацияларын тастап, долларға оралады. Нарық Трамптан осыны күтіп отыр және дәл осы болжамның өзі доллардың жоғары өрлеу раллиін қамтамасыз етіп берді. Бұл өсу қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім білмейді және оған теңге де, Қазақстан да еш әсер ете алмайды. Теңге басқа валюталар сияқты әлемдік үлкен трендтің шағын құрбаны ғана.

Қазақстан үнсіз қарап отыра бере ме?

Доллар жоғары өрлей бергенде мемлекет теңге курсына араласа ма, интервенция бола ма деген сұрақтар көбейе бастады. Ұлттық Банк шок жағдайы орын алса, ол біздің қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндірсе, интервенция механизмін іске асыруға кез-келген уақытта дайын. Тек дәл қазір, дәл бүгін ол керек пе деген мәселе тұр.

Себебі, осы аптада теңге еш интервенциясыз-ақ үлкен қолдауға ие болмақ. Біріншіден, қараша айында Ұлттық қордан келген 1,3 миллиард доллар биржаға шығып, теңгеге конвертацияланады. Онымен қоса, алтын-валюта резервінен 140 миллион доллар да теңгеге ауыстырылады. Осы кезде БЖЗҚ активтері үшін доллар сатып алу тоқтатылды. Бір сөзбен айтқанда мемлекет биржада өз тарапынан долларды тек қана сатып жатыр. Ал бір айда 1,4 миллиард доллар дегеніміз аз көлем емес.

Екіншіден, екі күннен кейін бізде осы жылдың ең соңғы салық аптасы басталмақ. Ірі өндірушілер, экспортерлер бюджетке теңгелей салық төлеу үшін долларлық выручкаларын теңгеге айырбастай бастайды. Салық аптасы доллар/теңге жұбына кәдімгідей әсер ететінін талай байқаған болатынбыз. Сондықтан 492 коридорына қайта оралуымыз ғажап емес.

Келесі жылы не болады?

Теңге тағдыры Трамп пен ФРС арасындағы шайқастың нәтижесіне байланып тұр. Трамп ФРС-ты белден басып, инфляцияны одан сайын төмендетемін деп ставканы 6 пайызға шығарып жіберсе, және келесі жылы мұнай бағасы барреліне 70 доллардан аса қоймаса, онда нарық теңгені осы 500 коридорына қысып итере бастамақ. Олай болатын болса, біз ұлттық валютаның жаңа психологиялық дәуіріне аяқ басу алдында тұрмыз.