Білікті сарапшының пікірінше, теңге алдағы айларда тағы құлдырауы мүмкін, деп хабарлайды Caravan.kz.
«Теңгенің әлсіреуіне қатысты айтар болсақ, оған негізгі әсер еткен факторлар бұл бірінші кезекте Американың Федералды резервті жүйесі. Доллардың кілтті пайызды мөлшерлемесін 5 пайызға дейін көтерді. Ол бұрын-соңды болмаған, өте жоғары пайыздар және өткен жолғы федералды резервтер жүйесінің отырысында олар бұл пайызды көтермейтіндерін, аздап қана көтеретіндерін, бұл пайыз шыңы болатынын айтқан еді. Сөйтіп белгі берген. Содан болса керек, біздің де Ұлттық банк өткен жылдағы отырысында теңгенің ең үлкен шегі, базалық пайыздық мөлшерлемесі 16,75 пайыз болып тұрады, енді алдағы уақыттарда ақырындап түсіреміз деген белгі берген. Бірақ бұл сценарий қазір өзгеріп шыға келді, себебі Америкада біраз банктер банкрот болды және оның салдары кәдімгідей күрделі болуы мүмкін. Өйткені нарықты басу, спекуляцияға жол бермеу үшін, «бәрі дұрыс, қадағалауда» деп айтылып жатыр. Бірақ Америка федералды резервтер жүйесі алдағы уақытта қосымша ақша басып шығаруы мүмкін деп айтылып жатыр.
Оның бәрі инфляцияға әкеліп соқтырады. Сондықтан да базалық пайыздық мөлшерлемені алдағы уақытта тағы да көтереміз деген белгі бар. Ол дегеніміз доллардың күші алдағы уақытта тағы да артады деген сөз. Сонымен бірге Американың ЖІӨ-нің өсімі бойынша болжам кеміді. Яғни ол жоғары болуы керек болған, енді төмендейді деген белгі берді. Ол дегеніміз Америкада іскерлік белсенділік төмендеуі мүмкін. Шикізатқа деген сұраныс белгілі бір мөлшерде азаюы ықтимал. Ол рецессияның белгілі деп қарастырылады. Оның үстіне қор биржасында өте көп компаниялардың акциялары да құлады. Мұның барлығы әлемде, жалпы қаржыгерлердің арасында үлкен алаңдаушылық тудырып отыр», - деп түсіндірді сарапшы.
Сонымен бірге экономист Ресейдегі рубль жағдайына да тоқталып өтті.
«Осы жылдың басында Халықаралық валюталық қор Америка, Қытай және Еуропа экономикасы рецессияға, дағдарысқа тап болады деп болжам жасаған болатын. Ол Американың ЖІӨ бойынша кемиді деген болжамы оны дәлелдеп тұрғандай. Дағдарыс болады деген сөз, өндіріс келмейді дегенді білдіреді, ол дегеніміз негізгі мұнай өнімдеріне сұраныс азаяды. Өткен жылы да мұнайдың бағасының құлдырау себебі де сол. Соның салдарынан біздің теңге біраз әлсіреген еді. Демек осындай қауіптер болып тұр. Одан бөлек тағы да теңгеге ықпалын тигізетін рубль факторы бар. Өткен жылы Ресейдің орталық банкі рубльді қолмен қатты ұстап тұрды. Олар осымен санкцияның қатты әсер етпегенін көрсеткісі келді, алайда Ресейде қазір салдарынан бұрын-соңды болмаған бюджет тапшылығы орын алып отыр. Нәтижесінде олар бюджет тапшылығын жою үшін, олар рубльді әлсірететін болады. Егер осы сценарий орындалатын болса, бізде теңгені рубльге қатысты мықтап ұстап тұра алмаймыз. Бірте-бірте бізге де теңгені әлсіретуге тура келеді. Неге біз теңгені күшті қылып ұстап тұра алмаймыз? Себебі 2014 жылы сондай жағдай болған, теңге бір рубльге шаққанда 2,5 теңге ғана болып қалды. Нәтижесінде бізге көптеген Ресей тауарлары арзан болды.
Әсіресе азаматтар Ресейден көптеп көлік тасыған болатын. Енді егер де ондай фактор орын алатын болса, ол тек қана Ресей тауарларының арзандауына алып келмейді, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Біздің азық-түлік өндіретін көптеген компаниялар, мысалы қант зауыттары осы жылы өндіру көлемін арттырған болатын. Бірақ бізде шығарып отырған қанттың құны Ресейге қарағанда үш есе қымбат. Нәтижесінде Ресей арзан қантын бізге оп-оңай кіргізе алады. Соның салдарынан біздің қант зауыттары, өзге де компаниялар банкрот болуы мүмкін. Ол жұмыссыздыққа әкеп соқтырады, сондықтан біздің теңгені рубльге шаққан кезде қатты құнды қылып ұстап отыра алмаймыз. Осы мәселе қатты маңызды болып тұр», - деп түсіндірді маман.