Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Azattyq ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.
Байбазаров үкіметтің инфляция бойынша болжамы өзгермегенін, қымбатшылықпен күрес Үкімет пен Ұлттық банктің басым міндеті болып қала беретінін атап өтті.
«Бізде доллардың қысқа мерзімдік құбылуын пайдалануға жол бермейтін тетіктер бар, жағдайға ықпал ете аламыз. Менің ойымша, экспорт-импорт операциялары тұрғысынан аз уақыт ішінде сырттан тауар әкеліп, оны басқа бағамен сату қиындау. Біз өз тарапымыздан мұның басқаруға болатын процесс екенін көріп тұрмыз. Оның үстіне доллар бағамы түсіп жатыр. Біз бағам бойынша орташа жылдық болжамымызды, яғни 460 теңгені өзгертпейміз», - дейді вице-премьер Үкіметте өткен брифингте.
БАҚ өкілінің «алдағы екі аптада азық-түлік пен тауар бағасы доллардың қымбаттауына байланысты көтеріліп кетпейтініне кепілдік бере аласыз ба?» деген сұрағына министр «бағаны реттеу шаралары бар екенін, Үкімет тарапынан бақылауға алынатынын» айтты.
Сондай-ақ Байбазаров азық-түліктің маусымдық қымбатшылығы да бақылауда болатынына сендірді.
«Бізде әлеуметтік маңызды тауарлардың тізімі бар. Бұл себетке негізінен әлеуметтік өнімдер кіреді. Олар бойынша жағдайды бақылауда ұстап отырмыз. Тіпті өткен кезеңде кейбір позициялар бойынша баға төмендеді, яғни дефляция тіркелді. Жыл соңында дүрлігу болатыны рас, бірақ біз қолда бар нарықтық тетіктерді пайдаланамыз», - деді ол.
Вице-премьер жаңа жылға қарай әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өспейтініне уәде берді.