"Домбыра тартуға бола ма": Мүфтият жауап берді

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде домбыраны харам деп, ел арасында түрлі пікір тудырғандар да болды. Осыған байланысты көпшіліктің көкейінде сұрақтар да көбейді. Осы ретте Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы ресми мәлімдеме жасап, аталған мәселеге нақты түсіндірме берді.

"Жалпы музыка – ғалымдардың арасында ең тартысты мәселелердің бірі. Өйткені музыканы ашық харам деп келген хабарлар сахих емес, ал ол жайында келген сахих хадистерде ашық харам деп айтылмаған.

Хадистерде Пайғамбарымыздың ﷺ дуфпен айтылған әндерді тыңдағаны, Хассан (р.а.) Алла Елшісін дәріптеп, қорғаған уақытында оны құптағаны т.б. діни насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндерге рұқсат екендігіне дәлел болады.
Сондай-ақ бұған бірқатар сахабалар, табиғиндер және бірнеше ғалымдар рұқсат берген.

Имам Әбу әл-Ғани ән-Нәбулуси әл-Ханафи: «Музыкалық аспаптар – оның көрінісі, одан шығатын дыбыс себебі харам емес. Өйткені құстардың сайрағаны да әуен. Ғалымдар құстың әуені харам еместігіне бірауыздан келіскен. Егер ол бекершілік, харам нәрселермен араласса сол уақытта тыйым салынады», – деген.

Демек діни насихаттайтын, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыратын әндер мен музыкаға рұқсат. Егер музыка пасықтыққа, бұзғыншылыққа, жаманшылыққа, азғындыққа, т.с.с. шариғатымызда тыйым салынған істерге алып барса тыйым салынады.

Сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқының ұлттық аспабы – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқау, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған. Сондықтан домбыраны тартуға болады", - делінген Мүфтияттың мәлімдемесінде.