Допинг қабылдады деп айыпталған үш қазақ зілтеміршісі спорттан өмір бақи шеттетілуі мүмкін

Ағзасынан тыйым салынған дәрі ізі табылды деп дауға қалған ауыр атлеттеріміздің Хьюстонда ел намысын қорғап жатқан сәті бұл. Осы додада Алмас Өтешев күміс, Жасұлан Қадырбаев қола медалді иеленген еді. Бірақ, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы қазақтың жеңісін көпсінді ме, спортшылар қара күшпен емес, допингпен жеңді деп күдіктеніп отыр.

Еліміздің үш зілтеміршісімен қоса тағы әлемнің 14 ауыр атлеті осы қара тізімге іліккен. Енді олардың дәріні ішкен-ішпегені анықталмайынша жарыстарға қатысуға құқы жоқ. Ауыр атлетика федерациясының күдігі көп-көрнеу жала болуы да мүмкін. Әлемдік аренада талай топ жарған атақты Илья Ильин де осындай пікірде.

Илья Ильин, ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада чемпионы:

-Үлкен спорт жәй ғана спорт емес. Ол-саясат. Мұнда біреудің мүддесі жатуы мүмкін. Бұған бей жай қарамау керек. Жігіттерімізді аяқтан шалдырмай, өз құқығымызды қорғаған дұрыс.

Қазақстанның ауыр атлетика федерациясы да допинг дауына іліккен спортшылардың дәрі ішкеніне сенбейді. Өйткені,бұл үшеуі осы жарысқа күндіз түні дайындалып, жеңеміз деген сеніммен барған. Сондықтан «олар қарсыластарынан басым бола тұра допинг ішіп қауіпті іске баратын ақымақ емес» дейді бас бапкер.

Алексей Ни, ауыр атлетикадан ұлттық құраманың бас бапкері:

-Айқын жеңіс болатын. Осыны дәлелдеуіміз керек. Өйткені, тағылған айыппен келісіп үнсіз жатсақ, бізді басынып алады. Келісіде тағы да дәрі іштіңдер деп аластатып тастайтын болады. Бұған мүмкіндік бермеу керек.

Енді басы дауға қалған зілтеміршілер қайтадан қан тапсырады. Егер допинг ішкендері расталса, ауыр атлеттер екі жылға спорттан шеттетіледі. Ал бұл - жолдама алынып қойған алдағы Рио-де-Жанейро олимпиадасына есік жабылады деген сөз. 

-Ал, әлем чемпионы Жасұлан Қадырбаевқа қиын болайын деп тұр. Өйткені, ол бұған дейін де допинг дауына ілігіп екі жылға спорттан шеттетілген. Енді бұл жолы өмір бойы зілтемір көтеру құқынан айырылуы ғажап емес. Ал, егер Қадырбаев пен Өтешовтіңтыйым салынған дәріні қабылдағаны расталса,  әлем чемпионатының күмісі мен қоласы автоматты түрде 4-5-орын алған спортшыларға өтеді.

Loading...