Допты хоккей: Оралдың «Ақжайығы» екінші кездесуінде «Универсалға» жол берді

Бұл кездесуде оралдықтар 2:5 есебімен жеңіліс тапты. «Ақжайықтың» сапынан Петр Грибанов пен Максим Өтебалиев бір-бірден доп соқты. Қонақтардан Андрей Кабанов тағы да мергендік танытып, екі голдың авторы атанды (ол кешегі ойында «Ақжайықтың» қақпасына үш доп енгізген болатын). «Универсалдан» сондай-ақ Сергей Пантеев, Сергей Артеменко, Александр Силаев гол соғып, көзге түсті.

Екінші топта турнир кестесінде 17 ұпаймен әзірге төртінші орында келе жатқан «Ақжайық» келесі кездесулерін 12-13 қаңтарда Самара облысының «Динамосымен» өз айдынында өткізеді.