Тұңғыш рет Азия құрлығында ұйымдастырылған әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы жақсы өнер көрсетті. Бұл қазақстандықтардың дүниежүзілік додалардағы ең сәтті ойыны деуге болады. Тіпті олар өз тарихында алғаш рет кемінде күміс жүлде алуға да бір табын жақын тұрды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалаған жартылай финалда әлемнің әлденеше дүркін чемпионы Швеция құрамасын Алексей Никишовтың шәкірттері әбден састырды. Ауа райына байланысты үш таймнан болған кездесуде қазақстандықтар 3:1, сосын 4:2 есебімен алда тұрды. Матчтың қосымша минутында ғана шведтер есепті теңестіре алды. Есеп қосымша екі таймда да өзгермеген соң, спорттық лотерея - 12 метрлік айып добын соғуға тура келді. Мұнда да қарсыластар біразға дейін бір-біріне жеңістік бермеді. Өкінішке қарай, шешуші сәтте Орал хоккейінің түлегі Леонид Бедарев қақпаны дәл көздей алмады. Сөйтіп жеңіс шведтердің уысында кетті. Бұдан кейін олар финалда Ресей құрамасынан тағы да 2:4 есебімен жеңіліп жатып, қайсарлық танытып, бірден үш доп соқты. Сөйтіп әлемдегі ең мықты команда екенін дәлелдеді.
Үшінші орын болған бәсекеде Қазақстан құрамасы финдерді бет қаратпай, 10:5 есебімен жеңді. Мұның алдындағы матчта қазақстандықтар финдерді 10:4 есебімен тізе бүктіріп, осы екі команда арасындағы доп айырмасы жағынан ең үлкен жеңісіне қол жеткізген болатын. «Ағайындары» Ресей құрамасынан бұрын ылғи ірі есеппен ұтылып жүретін қазақстандықтар бұл біріншілікте олармен де тайталасып бақты. Тек екі доп айырмасымен ғана есе жіберді.
Қазақстан құрамасын айдынға Ақ Жайық хоккейінің марғасқасы Рауан Исалиев бастап шықса, Нижний Новгородтың «Стартында» онымен бірге ойнайтын Леонид Бедарев пен Денис Максименко, сондай-ақ «Ақжайық» командасының белді шабуылшысы Ескендір Нұғманов та өз үлестерін қосты. Бұл Оралда жасанды мұз айдыны салынса, ел құрамасы үшін мықты ойыншыларды дайындауға болатындығын көрсетеді. Сонымен бірге үнемі ресейлік хоккейшілерге үміт арта бергенше, елде допты хоккейді жаппай дамытудың қажеттігін еске салды бұл чемпионат.
Осымен үшінші рет әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған қазақстандықтар бұдан да биік межеге жете алатындықтарын танытты. Алдағы жылы әлем чемпионаты Швецияда жалауын көтеретін болса, 2014 жылы Сочиде олимпиадалық ойындардың аясында өтеді. Ал биылғы желтоқсанда Алматыда алғаш рет Азия біріншілігі ұйымдастырылмақ. Әлемдік додаға тыңғылықты дайындық керек-ақ, ал Азияда Ақ Жайық хоккейшілерінің алдына ешкім де түсе алмайтыны анық.