Алматыда бүгін "Ел тұлғасы" жобасы сыйлығын табыс ету рәсімі өтті. Оны ұйымдастырушылардың хабарлауынша, жобаның биылғы жүлдегерлерін Exclusive.kz порталында анықтау барысында 400 мыңнан аса дауыс берілген, деп хабарлады азаттық радиосы.
"Қоғамдық қызмет" номинациясында Досым Сәтпаев, Айдос Сарым және Жанар Секербаеваға жүлде тапсырылды. Досым Сәтпаев марапатын алып тұрып, бұл сыйлыққа өзі емес, атыраулық белсенді Макс Боқаевты лайық деп білетінін айтты. Макс Боқаев пен тағы бір белсенді Талғат Аян қарашада "әлеуметтік араздық тудырды", "жалған ақпар таратты" және "заңсыз митингтер ұйымдастырды" деп айыпталып, бес жылға сотталған.
"Мәдениет және өнер" номинациясы бойынша әнші Роза Рымбаева, кинорежиссер Ермек Тұрсынов және әнші Мейрамбек Беспаев жүлдегер атанды.
"Ғылым және білім" номинациясында жүлде Серғазы Әдекенов, Асқар Жұмаділдаев және Камал Ормантаевқа берілді.
"Қазақстан тарихындағы тұлға" номинациясы бойынша марапатқа Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова және Шоқан Уәлиханов лайықты деп танылды.
"Жаңа есім" номинациясында балалар дәрігері Дәулет Жақыпбаев, шоумен Тұрсынбек Қабатов және суретші Паша Касқа жүлде табыс етілді.
"Спорт" номинациясы бойынша боксшы Геннадий Головкин, шахматшы Жансая Әбдімәлік және ауыр атлет Илья Ильин жүлдеге ие болды.
"Бизнес" номинациясы бойынша жүлделер Марғұлан Сейсембаев, Кеңес Рақышев және Райымбек Баталовқа берілді.
2012 жылдан бері өткізіліп келе жатқан "Ел тұлғасы" жобасын "Exclusive" порталы ұйымдастырған.