"Досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген": Қарағанды облысында жүкті әйеліне қорлық көрсеткен адамға сот үкімі шықты

Кейін жәбірленуші Stan.kz тілшісіне өз оқиғасы мен сот шешімін баяндап берді.

11 ай бұрын қарағандылық ер адам жүкті әйелін ұрып-соғып, тепкінің астына алған. Жүктіліктің алтыншы айындағы келіншекті , кілт, белдік, үтіктеуге арналған тақта, тоқ ұзартқышпен ұрып, ішіне пышақ сермеген. Келесі күні басқа пәтерге алып келген де, досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеп, соны бейнежазбаға түсіріпті.

Жәбірленуші 2021 жылы желтоқсан айында ұзатылып, Төлеген атты ер адаммен отауласқан. Ол екеуінің арасы осы оқиғаға дейін жақсы болғанын, бұлай қол көтермегенін айтады. Келіншек медбике болып жұмыс істеген. 9 ақпанда ол түнгі ауысымда жұмыс істегені үшін жұбайы оны тілдеп, қол көтерген. Айтуынша, ол әйелін қызғанды. Бірақ келіншек жұмыста бейнебақылау камералары бар екенін әрі қызғануға себеп те болмағанын айтады.

Келіншектің бұл оқиғасын отбасы мүшелері, ата-анасы білмейді, ол тек мұны нағашы әпкесіне айтып берген. Әпкесі естіген бойда Теміржол полиция бөліміне жүгінді. Алайда полицейлер алғашында бейнежазбаны көріп, арызды қабылдаудан бас тартқан. Бір айдан кейін ғана арызды қабылдап, жүкті әйелді тергеді. Бірақ айғақ жеткіліксіздігіне байланысты іс жабылды.

Бұдан кейін облыстық прокуратураға жүгінген олар істі қайта қозғауға қол жеткізген. Осылайша ер адам жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл зақымдар келтіргені үшін әкімшілік сот шешімімен 20 тәулікке қамауға алынды.

Бірақ қамаудан босағаннан соң оны қорқытуын қоймады.

“Кешірім сұрап келмеді, керісінше, “балаңмен қоса өлтіремін” деп қорқытты”, – дейді келіншек.

Әйел адам аман-есен баласын дүниеге әкелді, бұл жарақаттар баланың өміріне қауіп төндірмеген.

“Балам дін аман, уақытында, бірақ ауыр босандым. Ал менде бүгінгі күнге дейін ми шайқалуының алыс кезеңі бар, мезгіл-мезгілімен басым айналып ауырады. Бастысы баламмен біргеміз. Оның жарқын болашағы үшін барымды саламын”, – дейді жас ана.

Сондай-ақ, жәбір көрсеткен ер адам отбасы болған кезде әйелдің атына бірнеше микронесиелер рәсімдеген. Несиелерді жабуға әйелдің туыстары, ата-анасы көмектескен. Оның айтуынша, қазіргі таңда бір несие қалды және оның мерзімі қыркүйекте аяқталады.


Содан кейін қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын салғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Алайда қарағандылық әйел жыныстық зорлық-зомбылық, алымсақтық үшін іс жабылғанына налиды.

“Олардың тарапынан жыныстық зорлық-зомбылық әрекеті болмағасын іс жабылды. Қылмыстан өз еркімен бас тартып, райынан қайтты дейді. Бірақ жауап алу кезінде досы оған біреу қоңырау шалғасын кетіп қалғанын түсіндірді. Олардың қылмыстан айну ойы болмады”, – деді қарағандылық келіншек.

Іс тек жұбайына қатысты жүргізіліп, досына ешқандай шара қолданылмаған.

Прокурор күдіктіге бір жыл алты ай бас бостандығынан айыру жазасын сұраған. Ал №2 Октябрь сотының судьясы Дегенова Гүлнәр ер адамға үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Өйткені қаскөйдің осыған дейін соттылығы бар екенін анықталды. Ол осыған дейін мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан. Осыны ескере отыра, судья оның өтелмеген мерзімін прокурор ұсынған жазаға қосты.

Ер адам жазасын орташа қауіпсіз мекемеде өтейді.

Сондай-ақ, судья облыстық прокуратураға істе қылмыскердің бұрын сотталғанын көрсетілмегені үшін ескерту жолдады.

Жәбірленуші сот шешіміне қанағаттанып, өз ризалығын білдірді.

“Гүлнәр Қинаятовнаның шешіміне ризамын. Ол ақпаратты толығымен шығара алды, өз ісінің маманы екенін дәлелдеді. Тіпті мұны қорғаушы екеуміз де білмей, назардан тыс қалдырдық”, – деп қуанышын жеткізді келіншек.

Естеріңізге салсақ, осыған дейін Қарағанды облысында ер адамның әйелін ұрып-соғып, досымен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегені хабарланды.