Бұл туралы бүгін «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында Қазақстанның ДСҰ-ға кіруіне байланысты шарттарды түсіндіруге арналған дөңгелек үстел барысында мәлім болды.
Келтірілген мәліметтерге қарағанда, жалпы тауарларға қатысты Қазақстанның қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы орташа кедендік тарифі 10,4 пайызды құраса, бұл көрсеткіш Кедендік одақ құрылғанға дейін 6,2 пайыз шамасында болған екен.
«Ауыл шаруашылығы тауарлары үшін кедендік баждың орташа деңгейі 10,2 пайызды құрайтын болады, ал өнеркәсіп тауарларына бұл көрсеткіш - 5,6 пайыз деңгейінде болмақ. 3 мың 512 тауарлы позициялар бойынша, соның ішінде автокөліктер, азық-түлік, ағаш материалдары, зергерлік бұйымдар, сым-темірлер, кабельдер, сусындар және тағы басқаларға Қазақстандағы баж Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінен алынатын болады. Яғни, бұндай тауарларға Бірыңғай кедендік тариф деңгейіне қарағанда біршама төмен болады», - делінген шара барысында ұсынылған ақпаратта.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 22 маусымында Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы туралы құжаттар топтамасы бекітілген болатын. Бұл құжаттар ресми қабылдау үшін ДСҰ Бас кеңесіне берілді.
Ал Қазақстанның ДСҰ-ға қосылуы туралы хаттама 2015 жылдың 31 қазанына дейін Парламенттің ратификациясынан өтуі керек. Осылайша, ратификациядан өткеннен кейінгі отыз күннен соң Қазақстан ресми түрде ДСҰ-ның 162-ші мүшесі атанады.