Дуалдық оқыту жүйесіне еліміздің 100 колледжі енгізіледі

Бұл туралы бүгін Астана қалалық Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина «Кәсіптік білім және бизнес: серіктестер диалогы» тақырыбындағы ІІІ қалалық форумда айтты.

Оның айтуынша, аталған типтік оқыту бағдарламалары мен жоспарларында білім алу уақытын тәжірибемен ұштастыруға көбірек назар аударылған.

Сондай-ақ, білім беру мекемелері жұмыс берушілердің өтініші бойынша жаңа мамандықтар мен пәндерді өз еріктерімен қоса алады.

«Қазіргі кезде қаламыздың 5 техникалық және кәсіптік білім беру мекемесінде, ал жалпы алғанда, еліміздің 100-ден астам колледждерінде ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия, машина жасау, мұнай-газ, химиялық және кен өндірісі салаларындағы кадрларды дуалдық білім беру жүйесімен дайындау элементтері енгізілуде», - дейді Ә. Бимендина.

Оның айтуынша, дуалдық жүйені енгізу биыл Астанадағы 10-нан астам кәсіпорынның білікті кадрлар дайындап шығаруға қатысуына мүмкіндік береді. Ал республика көлемінде 120-дан астам мамандық бойынша жаңа кадрлардың 70 пайыздық өндірістік тәжірибеден өте жүріп білім алуына жол ашылады.

Осылайша, өндіріс орындары техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен біріге отырып, өздерінің талаптары бойынша білім алып шыққан дайын кадрларды бірден жұмысқа алатын болады.