Дубайда аңыздар желісімен Алладин қаласы тұрғызылмақ


Ол қала ескі порттың үстінен суда салынбақшы, деді әмірліктің «Аль-Халидж»газетіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат тілшісі.

Алладин қаласының жобасы шығыстың дәстүріне сәйкес, алтындатылған құрылғылардан, торлы көмкермелерден жасалған. Онда шығыстың майлы шамын, әсем құмыраны, хош иісті әтірдің сауытын еске салатын негізгі үш мұнара болмақ. Олардың ең ұзыны 450 метрге дейін көтеріледі.

Алладин қаласында тұрғын үй кешені, қонақүй, бизнес орталықтары, сауық саябағы мен дүкендер, майрамханалар мен дәмханалар орын тебеді.

Авторларының айтуынша, жобаны жасағанда Дубайдың ерекше қорғалатын тарихи ауданы «Хор-Дубайдың» табиғатына қиянат жасамау жағы ерекше ескерілді. Сол мақсатта жоба судың үстінде жүзеге асырылады.

Әмірлік қаласының билігі «ежелгі аңыздар» негізінде тұрғызылатын қала бизнесмендер мен туристердің көңілінен шығады деген ойда.