Бір ауылда дұғасы екі етілмей қабыл болатын бір адам бар екен. Дұғалары қабыл болмайтын бір топ адам әлгі адамның алдынан шығып, мұның сыры мен жай-жапсарын сұрайды. Дұғасы қабыл болатын адам бір топ адамнан: «Дәл қазір сендер танымайтын бір адам келіп қарызға ақша сұраса берер ме едіңдер?» - деп сұрайды.
Олар бірауыздан: – Танымайтын адамға қалай қарыз береміз, - дейді.
Жарайды, егер мен сұрасам берер ме едіңдер? - деп тағы сұрақтың астына алады. Сен сұрасаң, әрине, береміз, - дейді. Олардан не үшін беретіндіктерінің себебін сұрағанда, былай жауап қайырады: – Біз сені жақсы танимыз. Сен сөзіңде тұрасың, өтірік айтпайсың, шыншылсың. Сен әрдайым жақсылық істейсің, - дейді. Сонда әлгі адам:
Міне, Алла тағала да дәл солай. Өзін жақсы танитын, өзіне берік сенетін, әрдайым Оны еске алатын, құлдық міндетін қолынан келгенше дұрыс атқаратын адамдардың дұғасын қабыл етеді, - деген екен.
Алла Тағала қабыл болатын дұға нәсіп етсін!
Ақпарат көзі:
Ғибратты әңгімелер