ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова келер жылы орташа зейнетақы мөлшері 72 мың теңгені құрайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға, базалық зейнетақы 6 пайызға өседі. Осылайша орташа зейнетақы мөлшері 72 мың теңгені құрайды. Бұған қоса, мүгедектік, асыраушысынан айырылу, жасы бойынша әлеуметтік төлемдер 16 пайызға көбейеді, ал қалған әлеуметтік төлемдер инфляция деңгейіне сәйкес 6 пайызға өседі. Ең төменгі жалақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің көлемімен бірдей болады. Яғни ол да 16 пайызға өсіп, 28 259 теңгені құрайды", — деді министр.
Осы тұста Дүйсенова базалық зейнетақы 2018 жылдың 1 шілдесінен қайта есептелетінін атап өтті.
"Базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты 2018 жылдың 1 шілдесінен қайта есептеледі. Бұл өзгеріс 2 миллион зейнеткерге қатысты. Кімде 10 жыл еңбек өтілі болса, оларда зейнетақы мөлшері 54 пайызға тең болады. Ал еңбек өтілі 33 жылдан асатындарда базалық зейнетақы екі есеге көп болады", — деді министр.