Дүйсенова: Медициналық сақтандыру көмегі жалақы көлеміне қарамайды

Министрдің сөзінше, Оңтүстік Қазақстан облысында жұмысқа қабілетті 424 мың адамның басым бөлігі "өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтыған" азаматтар. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарға салық инспекциясына тіркелуі тиіс.

- Айына 1414 теңгеден, жылына барлығы 18 мың теңге төлесе толық қажетті медициналық көмекті алады. Егер 2018 жылдың қаңтар айына дейін үлгермесе өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтыған азаматтар 2020 жылға дейін емхана көмегін мемлекет тарапынан тегін алады. Жоспарлы стационарлық көмекті өз қаражатына алады, - дейді Дүйсенова.

Министр міндетті медициналық қордың ортақ болатынын, ол дүниежүзіндегі тәжірибеге сай құрылғанын айтады.

- Орталықтандырылған медициналық қор дейміз. Кім ауырып қалды соған толық медициналық көмек беріледі. Мысалы, бір азаматтың еңбекақысы 60 мың теңге. Қаражаты өте аз жиналған. Бірақ оған кардиохирургиялық ота жасау керек. Ол 10 миллион теңге тұрады. Өз қаражатына жасата алмайды. Басқа азаматтардан түскен қаражатты пайдаланып толық медициналық көмек беріледі. Миллион теңге жалақысы бар азамат медициналық көмекті толық алып, 40 мың теңге жалақысы бар адам медициналық көмек ала алмауы мүмкін. Медициналық сақтандыру жүйесінің ең негізгі принципі – бір жерге бір қорға жинап, кімге қандай көмек керек соны уақытылы көрсету, - дейді Тамара Дүйсенова Азаттыққа.

Қазақстанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер шілденің 1-інен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастаған. Ресми дерек бойынша, қазірге дейін қорға 800 миллион теңге түскен. Заң бойынша, жұмыс беруші ай сайын жұмыскердің жалақысынан 1 пайыз мөлшерінде, бірақ 3668, 9 теңгеден жоғары емес аударым жасауға, жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – жеке қорғаушылар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар айлық жалақысынан 5 пайыз немесе 2445, 9 теңге төлеуге тиіс.