Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы шеттегі қазақтарға көмектесуге қауқарсыз

Моңғолиядағы су тасқынына тап болған қандастарға Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қол ұшын созуға қауқарсыз болып шықты.

«Моңғолияның селден зардап шеккен қазақтарына біз не істей аламыз? Онымен Мәсімов үкіметі айналысады»,-деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Балғабаев Caravan.kz тілшісіне берген сұхбатта.

Төраға орынбасарының айтуынша, бүгін ертең Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Моңғолияның Қобда аймағына барып қайтатын көрінеді.

Ал Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы болса Моңғолиядағы қандастардың селден зардап шегіп жатқанын бүгін ғана естіпті. Бірақ, әзірге қауымдастық тарапынан  ешқандай шаралар қолға алынып жатқан жоқ екен.

«Осы сендер журналистер қызықсыңдар. Шамаға қарау керек қой. Біз не істей аламыз, қолымыздан не келеді? Онымен Үкімет айналысу керек»,- деді С.Балғабаев.

Еске сала кетсек, кеше Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында сел жүріп 150-ге жуық үй тасқын астында қалды. Жергілікті қазақтар мал мүлкінен айырылып, зор зардап шеккен. Бейресми деректерге қарағанда адам шығыны да бар көрінеді.


Әзірге биліктің әрекетін күтпеген елдегі қарапайым тұрғындар бүгін зардап шеккен қазақтарға көмек қолын созу туралы үндеу жариялады. Онда былай делінген:

Қазір Баян-Өлгийде қоныс тепкен ағайын ата мекені – Қазақстандағы қалың қазақтың көмегіне, қолдауына зәру! Баян-Өлгий аймағындағы қазақтарға көмек беруде Қазақстан Үкіметі де қарап қалмауы тиіс! Елбасының атынан қандастарға жылу жинап, соны ұйымдастырып, жеткізіп беру, қауымдастықтың міндеті.