Еске салайық, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі арасындағы Қазақстан Республикасында офистер құру және олардың жұмыс істеуі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, аталған заң жобасы Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін 2016 жылдың 21 қаңтарында Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум барысында жасалған.
«Келісім бұған дейінгі Алматы қаласында тұрақты өкілдік құру туралы келісімді алмастырады. 2001 жылы Астана қаласында өкілдік ашылғаннан кейін Алматы қаласындағы офис Аумақтық офис мәртебесін иеленіп, қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы қызметін қамтамасыз етіп отыр. Ал жаңа келісім Дүниежүзілік бактің Қазақстандағы барлық кеңселерінің және қызметкерлерінің мәртебесін, артықшылықтары мен иммунитеттерін айқындайды», - деді М. Құсайынов.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік банк 1992 жылдан бері Қазақстанға 6,8 млрд доллардан астам инвестиция жасады. «Бұл қаражат жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнес бәсекелестігін арттыруға, білім және денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға, кедендік және салықтық жүйелерін әкімшілендіруін оңтайландыруға, қоршаған ортаны қорғауға жәрдемдесуге бағытталды. Сонымен бірге, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы инвестициялық қызметінің жарқын көрінісі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізі болып табылады», деді М. Құсайынов.