Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төрағасы әлемдік мемлекеттерді осы ұйымның темекіге қарсы күрес жөніндегі конвенциясына қол қойып бекітуді тездетуге шақырды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, темекі өнімдерін тұтыну салдарынан дүиежүзінде жыл сайын 4,9 млн. адам қайтыс болады екен. Қазір дүниежүзіндегі шылымқорлар саны 1,3 млрд. адамды құрап отыр. 2020-жылы бұл сан 1,7 млрд.-қа жетеді деп күтілуде.

Темекіге қарсы күрес жөніндегі конвенция темекі өнімдерін өндіру, сату және оны тұтынуды реттейтін тарихтағы тұңғыш халықаралық келісім болып табылады. Конвенцияны 2003-жылдың мамырында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше 192 ел қабылдаған. Бұл конвенцияға қазіргі жағдаймен Еуропалық Одақ пен 28 мемлекет қол қойды. Ал толыққанды күшіне енуі үшін Конвенция 40 мемлекетте бекітілуі тиіс. Бірінші болып бұл қадамды Норвегиялық парламентшілер жасады.
Конвенция ережелеріне сәйкес, темекі өнімдерінің зияны туралы ескерту темекі өнімдерінің қорабында тұрақты басылып тұруға тиіс. Мұндай жазу қорап бетінің тең жартысын иемденуі қажет. Сондай-ақ, келісім қоғамдық орындарда темекі шегуге тыйым салумен бірге темекі өнімдерінің жарнамасын реттейді.
Чжон Ук Лидің айтуынша, "жастар арасында шылымқорлықтың таралуына жол бермеудің ең тиімді жолы - темекі өнімдерінің бағасын қымбаттатып, салықты арттыру болмақ. Бұл тұтыным мөлшерін азайтып қана қоймай, мемлекеттік кірісті ұлғайтады".
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы төрағасының айтуынша, "шылым шегу- даму мәселесімен тығыз сабақтас. Ондай әдеттің белең алуы әсіресе кедей тұрғындар үшін аса қатерлі. Өйткені, титықтап тапқан азын-аулақ тиын-тебен тамаққа емес, темекіге жұмсалатындықтан, адамдарды ашқұрсақтыққа апарып соғады". Осыған байланысты ол темекі тарту мен кедейлікті даму аспектілері арасынан тығыз сабақтастыра қарауға шақырды.
"Қатерлі ісік дертіне ғаламдық бақылау қою жөніндегі Альянс" атты қоғамдық ұйым темекіге қарсы күрес жөніндегі конвенцияны бекітуді тездетуге шақырған мәлімдеме жариялады. Мәлімдемеде атап көрсетілгеніндей, темекі тартуды тоқтату- барлық түрлі қатерлі ісік дертіне шалдығу көрсеткішін 30 процентке, ал өкпенің қатерлі ісігіне шалдығу көрсеткіші 90 процентке қысқартады.