Дүниежүзілік туристік ұйым Астанада ЭКСПО-2017 өткізуде Қазақстанды қолдайды

«Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік туристік ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаидың шақыруымен Испания астанасына келді.

ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Марат Иғалиев ЮНВТО бас хатшысын Қазақстанның туризм секторының ағымдағы жай-күйі, қазақстандық туризмді дамытудың басымдықтары, сондай-ақ ведомствоның қысқамерзімді және ортамерзімді мақсаттары жайында хабардар етті», - делінген ведомство баспасөз қызметінің хабарламасында

Ұйымның бас хатшысы Талеб Рифаи ЭКСПО-2017 өткізуде Қазақстанды қолдайтынына сендірді және ҚР Үкіметімен тиісті меморандумға қол қоюға әзір екенін мәлім етті. Ол сондай-ақ ЮНВТО, ЮНЕСКО және аймақ елдерінің 2013 жылғы қазан айында  Алматыдағы сарапшылық кеңесінде жасалған Жібек жолы дәлізі бойымен туризмді дамыту жөніндегі «Жол картасын» одан әрі жүзеге асыру қажеттігін атап өтті.

Кездесу барысында тараптар білім туризмі саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаласты. Дүниежүзілік туристік ұйым мамандары Алматыда туристердің статистикалық есебінің халықаралық әдістемесі бойынша қазақстандық аймақтар үшін семинар өткізеді. Өз кезегінде қазақстандық тарап ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің атынан ЮНВТО бас хатшысына Астанада 2014 жылғы мамыр айында өтетін Астана экономикалық форумы ауқымындағы туризм бойынша панельдік сессияға қатысу үшін шақыруды табыс етті.

Дүниежүзілік туристік ұйымның құрамына 155 ел, 7 аумақ және 400-ге тарта жеке сектор кәсіпорындарының, оқу орындарының, туристік қауымдастықтар мен жергілікті туристік әкімшіліктердің мүдделерін білдіретін  қауымдасқан мүшелер кіреді. Талеб Рифаи (Иордания) ЮНВТО Бас Ассамблеясының Астанада өткен  сессиясында бас хатшы болып сайланды.