Наталья мен Шәміл Шакуртовтер саңырауқұлақтан дәм татқан. Бірақ ауру белгілері 2 күн өткесін білініп, отағасының аяқ қолынан жан кетіп тілі күрмеле бастапты. Шақыртылған жедел жәрдем дәрігері бірден науқаста ботулизм дертінің нышаны байқалғанын айтыпты. Алайда, жұқпалы аурулар ауруханасында бұл диагнозды растамаған.
Наталья Шакурова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Жедел жәрдем қызметінің дәрігері ботулизмнің нышандары барын қанша айтса да, дәрігерлер құлақтарына қыстармады. Ботулизм емес деп таксикологиялық бөлімге қайтарып жіберді. Медициналық орталыққа жеткенімізде Шәміл жүруден, сөйлеуден қалып, тіпті 8 минутқа жүрегі тоқтап қалды.
Жансақтау бөлімінде дәрігерлер күйеуінің жүрегіне жан бітіргесін, Наталья аяғынан жығылып үйіне қайтқан. Алайда бірер сағаттың ішінде оның өзі де тура осындай нышандармен қалпақтай ұшып, ауруханаға жеткізіліпті. Осы арада ботулизмен басын алып қашқан дәрігерлер әлгі дертті растағанымен, облыс орталығында дертке қарсы тұратын дәрі жоқ боп шыққан.
Наталья Шакурова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
-Облыстық ауруханадан ботулизмге қарсы екпе дәрі табылмағаны таңқалдырды. Өздері де жарытып іздемеді, бізге де айтпаған оның жоқтығын. Ести сала таныстарымызға айтып, олар дәріні Жезқазғаннан тауып, ұшақпен осында жеткізді. Маған үш екпе жасаған соң ғана есімді жидым.
Ал Шәміл әлі комада жатыр. Екпе екі күн өткесін емес, уақтылы жасалғанда жағдай басқаша болар ма еді деп қынжылады жұбайы. Құзырлы органдарға тиісті арыз шағымдар да дайындап жатыр. Алайда дәрігерлер науқастан алғашында ботулизмнің белгісі байқалмағанын айтып ант су ішіп отыр. Сондықтан науқасты ары-бері сабылтуға тура келген. Ал ботулизм сирек кездесетін дерт болғасын, диагноз түгілі дәрісінің де бар жоғына мән берілмеген көрінеді.
Зулфикар Әбілқасымов, Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері:
-Біздің облыстан әйтеуір табылды ғой. Алдырдық. Екпе бес күннің ішінде жасалса болды. Бұл диагноз өте сирек койылатындықтан бірді-екілі дәріні бізге ешкім жеткізіп те бермейді. Жеткізген күнде де де дәріні қолданбасақ оның мерзімі өткесін жою жұмысын жасау қиынға соғады.
-Ақ халаттылар үшін, адам өміріне қарағанда, қолданылмай жатып қалған дәріні жою мәселесі маңыздырақ екен. Білдей бір облыстық ауруханада аталған антитоксиннің болмай шыққаны да сондықтан. Ал ботулобактериалардың адам ағзасында бөлетін токсиндері аса қауіпті саналады. Сондықтан әлі күнге ес-түссіз жатқан науқастың енді көзін ашу-ашпауына дәрігерлердің өзі кепілдік бере алмай отыр.