Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына бірқатар елдердің басшысы келді

Әлемнің жүзден астам мемлекетінен мыңға жуық спортшы келіпті. Осының өзі байрақты бәсекенің деңгейін аңғартса керек, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Ашылу салтанатына қатысуға біраз елдің басшысы келді. Атап айтқанда, іргелі додаға қатысуға Татарстан басшысы Рустам Минниханов, Түрікменстан халық маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Саха (Якутия) Республикасының басшысы Айсен Николаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Астанаға ат басын бұрды. Бұл да ойынның деңгейін көтереді. Сол секілді бұл біздің Қазақстанға көрсетілген құрмет!

Көшпенділердің Олимпиадасы іспетті болған байрақты бәсекеде мемлекет басшысы сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Президент түбі бір түркілердің Еуразия құрлығында ғана емес, жаһандық өзгерістің бастауында тұрғанын тілге тиек етті. Көшпенділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйреткенін атап өтті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырғанын жеткізді.

«Көшпенділер қуатты қару-жарақ пен ғажайып зергерлік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауи сынды ғұламалар шыққан. Олар ілім-ғылымның дамуына орасан зор үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құрды, үлкен қалалар салды. Ұлы Далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді», - деді Тоқаев.

Абыройымызды асырып, мерейімізді тасытқан бұл ашылу салтанаты ерекше есте қалатыны анық.