"Джеки Чанға айтпаса, бізде ауыз су мәселесі шешілмей ме сонда": Маңғыстаудағы ауыз су мәселесі тағы да қоғамды дүрліктірді

Қоғам белсенділері енді Джеки Чанға айтпаса, өңірдегі су мәселесі сол күйі шешімін таппайтын еді, деген пікір айтып жатыр. Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Бұл туралы видео үндеу жергілікті пабликтердің бірінде тарады.

"Батыс жақта кино түсіремін деп, ауыз су тапшылығы мәселесі туындаған. Сөйтіп жоғары жақтағы шенеуніктерге дейін жетіп, олар қоластындағы адамдарды сығып алған.

Достар, біз енді, сонау Қытайдан келіп жатқан Джеки Чанға соны айтпаса, сонда біздегі ауыз су проблемасы шешілмей ме сонда? Біз қарапайым халық шенеуніктерден сұрасақ, олар естімей ме? Міндетті түрде шет жақтан келіп айту керек пе бізге?", - деп күйінді ол.

Оның айтуынша, белсенді жергілікті билік халықтың күнделікті мәселесін ешқандай сыртқы ықпалсыз-ақ естіп, уақытылы шешуі тиіс.

"Ауыз су - саясаттың да, жарнаманың да емес, әр тұрғынның өміріне тікелей қатысты ең маңызды қажеттілік. Сондықтан мұндай мәселелер қонақтардың сапарынан кейін емес, жүйелі түрде шешілуі керек", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау халқы өңірге қонаққа келген Джеки Чанға ауыз су тапшылығы мәселесін айтып, шағымданған еді. Олар өңірде жылдар бойы су тапшылығы мәселесі шешілмей келе жатқанын жеткізген.

Осыған орай, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жиын өткізіп, суға жауапты шенеуніктердің барлығын қатаң түрде сынға алған еді. Ол осы шулы оқиғадан кейін, қол астындағыларға су мәселесін бірер күнде шешуді тапсырды.