Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Олимпиадаға іріктеу белдесуінде Елдос Сметов үздік атанды. Ол өз кезегінде командаластары Мағжан Шамшадин мен Нұрқанат Серікбаевтан басым түсіп, Париж Олимпиадасына қатысу құқығына ие болды.
Халықаралық Олимпиада комитеті мен Халықаралық дзюдо федерациясының ережесі бойынша дюдодан Олимпиада ойындарына әр елден әр салмақ бойынша тек бір спортшыдан қатыса алады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үш қазақстандық дзюдошы, атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин Олимпиадалық рейтингте жолдама иегерлері тізімінде тұрғандықтан өзара іріктеу белдесуі ұйымдастырылды.
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарына дзюдодан Қазақстан ұлттық құрама командасынан 8 дзюдошы қатысады. Оның жетеуі – өз салмақ дәрежелерінде жекелей сайысқа қатысса, бір спортшы аралас-командалық жарыстың лицензиясына ие болды.
Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғайтын дзюдошылар келесідей:
Әйелдер: Абиба Абужақынова (48 кг), Камила Берліқаш (+78 кг), Эсмигүл Куюлова (аралас-командалық жарыс).
Ерлер: Елдос Сметов (60 кг), Ғұсман Қырғызбаев (66 кг), Данияр Шамшаев (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Нұрлыхан Шархан (-100 кг).
Парижде өтетін XXXIIІ Жазғы Олимпиада ойындарында дзюдо бойынша жарыстар 27 шілде мен 3 тамыз аралығына жоспарланған.