ЕАЭО пен Ұлы Жібек жолы бір-бірін толықтыратын жобалар - сарапшы

«Еуразиялық экономикалық одақ пен Ұлы Жібек жолы: өзара бір-бірін толықтыру стратегиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр. 

Дөңгелек үстелге белгілі қазақстандық және ресейлік сарапшылар, қоғамдық және мемлекеттік қызметкерлер қатысуда. 
Шарада көтерілген негізгі мәселелердің бірі 8 мамырда Мәскеуде өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы, ЕАЭО пен ҰЖЖЭБ (Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі) байланысының перспективалары мен еуразиялық кеңістікте көліктік және логистикалық инфрақұрылымның даму мүмкіндігі болды. 
«ЕАЭО пен ҰЖЖЭБ (Ұлы Жібек жолының экономикалық белдеуі) алсақ, қандай байланыс бар? Бұл темір жол мен тас жолдар, Қытайға энергия ресурстарын жеткізу, бірлескен индустриалдық жобалар, инвестициялар, сауда, бірлескен инфрақұрылымдық жобалар және т.б., яғни бұлар жөнінде келіссөздер жүргізе беруге болады», - деп атап өтті Қазақстандағы Шекаралық ынтымақтастық қауымдастығы өкілдігінің басшысы Марат Шибұтов. 
Сондай-ақ ол екі жобаны жақындастыратын ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдер бар екенін айтты. 
«Жалпы, ЕАЭО пен ҰЖЖЭБ бір-бірін толықтыратын жобалар. Олар бір-біріне сәйкес келеді. Олардың жүзеге асу уақыты мен кеңістігі де бір-біріне өте сәйкес келді», - деп түйді Марат Шибұтов.