ЕАЭО Ұлы Жібек жолы экономикасының түлеуінде маңызды буынға айналуда

Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БРИКС мемлекет басшыларының шақырылған елдер көшбасшыларымен Уфада өткен кездесуінде мәлімдеді.

«Сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейту, аймақтық ықпалдастықты дамыту, көлік қатынастарының әлемдік жүйесіне кіру біздің елдеріміз дамуы болашағының негізі, сондықтан да басымдықты бағыт, біздің көзқарасымызша, трансаймақтық ынтымақтастықты дамыту қажет. Қазіргі заманғы трендтерге сәйкес, ЕАЭО батыс пен шығыстың арасындағы бір-бірін толықтыратын ынтымақтастықты дамытудың жаңа кезеңі ретінде Ұлы Жібек жолы экономикасын дамытудың өзекті буынына айналып келеді. Бұл орайда ШЫҰ үдерісі сенімсіздікті еңсеруге қуатты серпін берді», деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қысқа уақыт өлшемі ішінде шанхайлық рух Еуразияның жаңа символына айналды.


«Қазірдің өзінде ЕАЭО мен ШЫҰ тығыз диалогы болашақта кең ауқымды трансқұрлықтық ынтымақтастықты бастауға қолайлы негіз қалауда. Көлбеу көлік күрежолын (Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ) және тік көлік күрежолын (БРИКС) жалғастыру сауданың серпінді сілкінісіне қабілетті. Болашақта бұны біздің аумағымыздағы ортақ бірлестік және ортақ еркін аймақ ретінде қарастыруға болады», - деді Мемлекет басшысы.