Егемендіктің алғашқы сеңін қозғаған Желтоқсан оқиғасына 27 жыл

- Осы күрек тигеннен Талғат Рахымбердиев деген жігіт жынды болып қалды. Қазір Таразда тұрады Сүйегінің жартысы жоқ. Олардың опаздықтары - мынадай күрекпен ұрғандары.

Бұл - Талғат Рысқұлбеков. Сол 86-ның ызғарлы оқиғасында жүрген көтерілістің қалай болғанын өз көзімен көрген желтоқсаншы қазақтың бірі. Батыр Қайраттың інісі. 

Талғат Рысқұлбеков, Қайрат Рысқұлбековтың інісі:

-Ату жазасын берген кезде жылап-еңіреген жоқ. «Қазақ деген затым бар, Қайрат деген атым бар, Еркек тоқты – құрбандық, Атам десең атыңдар!» деді. Еңкейген жоқ. 21-ақ жаста еді сол кезде. 

Егер жалған жала тағылып, «ату жазасына» кесілмегенде Қайрат биыл қырық сегізге  толар еді. Қазір інісінің қолында ағасынан аманат ретінде сақталған мына хат қана бар. Онда жазасын атудан ауыстырылған Мырзақұл Әбдіқұлов жайында ақпар айтылыпты.

Талғат Рысқұлбеков, Қайрат Рысқұлбековтың інісі:

-20 жылға ауыстырды деп. Мен, әрине, сенген жоқпын. Жаңағы Мырзағұлдың 20 жылға ауысқаны жайында. Үн-түнсіз көз жасымды көлдетіп алдым.

Бұл сәтте Қайраттың да Әбдіқұлов тәрізді «жазаны жеңілдетер» деген үмітінің болғаны анық. Бірақ олай болмады, атылып кетті. Тек арада 8 жыл өткенде ғана есімі ақталды. 1996 жылы «Халық қаһарманы» деген атақ берілді.    

-Мынау Ләззатың кілемге тоқылған суреті. Аналық естелігім болсын деген ойым еді. Ләззат 40-қа толғанда, енді о дүниелік болса да қызым өзіммен бірге жасап жатыр деп арнайы жасатып қойдым.

Ал бұл желтоқсанның тағы бір батыры – Ләззат Асанованың үйі. Өзі жоқ болса да, тәуелсіздікке бір қадам жақындық жасаған қыздың рухы бар мұнда. Анасы Алтынайдың да алданышы - осы. Дей тұрғанымен, көңіл шіркіннің 27 жыл өтсе де, баласына деген сағынышын басар емес. Қайрат тәрізді 16 жасында құрбан болған Ләзаттың да есімі 1992 жылы ақталды.

Алтынай Қаумет, Ләззат Асанованың анасы:

-24-ті күні хабар келді, 25-сі күні сүйегін алып келді. Сонда себебін не деді? Ұшып өлді деді. Тік мінезді қыз еді. Желтоқсан туралы бірауыз сөз айтқан жоқ. Тек жала жауып келді. Ел біліп тұр. Соның алдында бір күн бұрын көрші ауылда Ербол Сыпатаевты алып келді.

Десе де, желтоқсан құрбандарының саны мұнымен шектелмейді. Бейресми ақпарға қарағанда, көтерілісте 168 адам қаза болған. Соның 158-і жастары 22-ге де толмаған қазақтың өрімдей-өрімдей қыз-жігіттері. Тек Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова және Ербол Сыпайтаевтардың ғана есімін білгенімізбен, өзгелері әлі еміс-еміс қана айтылады.       


Досалы Салқынбек, тарихшы:

- Адам құқықтарын зерттеуші «Хэлсинки» тобының мәліметі бойынша 40 мың демонстрант қатысқан. 99 адам сотталған еді ғой. Қазір соның барлығы ақталған. Бірақ түрмеде отыру оңай болған жоқ. Көпшілігі денсаулықтарын құртып алған.  

Талғат Рысқұлбеков, Қайрат Рысқұлбековтың інісі:

-Тізерлеп отырғызады. Төбесіне автомат тақап. Неге? Өйткені жыныстық мүшесіне суық тиюі керек. Қыздардың да, ұлдардың да. Сөйтіп ертеңінде ұрпақ көтере алмай қалуы керек. Әдейі істеген жауыздық еді ол!   

Бір айта кетерлігі, жауыздыққа билік барғанымен, жастар тарапынан бірде бірі заңсыздыққа бой алдырмапты. 

Ермахан Қалмырзаев, Желтоқсан оқиғасына қатысушы:

-Бір ерекше назар аударатын нәрсе, әркез айтып жүремін – жастардың саяси сауаттылығы болуы керек, көшеде бірде-бір дүкенге, не бір ғимаратқа зиян келтірілген, тонаушылық әрекеттер болған жоқ.

-Қызыл империяға қарсы шыққан қазақ жастарының арманы арада 5 жыл өткенде бәрібір орындалды. 1991 жылы еліміз дербес атанып, тәуелсіздік туы желбіреді. Тек өкініштісі, соңғы уақытта осы ұлық күнді ұмытып бара жатқандаймыз. Мәселен, қанды оқиға болған Алматыдағы мына алаңда бүгін - құрбандар ерлігін еске алып, 5-6 гүл қойып, бірлі-жарлым жетоқсаншы ғана жиналмаса, өзге тағзым еткен ешкім болған жоқ.