Егер консервациялау мерзімі Наурыз банктің қаржылық ахуалының жақсаруына себепкер бола алмаса, онда банкті жабу туралы шешім қабылданады - ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі

Бұл туралы бүгін, 10-қарашада Алматыда өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігінің төрағасы Болат Жәмішев мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі басқармаларының қаулысы бойынша 2004-жылдың 9-қарашасынан бастап "Қазақстан Наурыз банкі" АҚ-ын үш айға консервациялау тәртібі енгізілді.
Мемлекеттік қаржылық қадағалау мекемесі төрағасының айтуынша, консервация дегеніміз - банктің қаржылық ахуалын сауықтыру үшін қолданылған мәжбүрлі шара. Агенттіктегілер банк дағдарыстан шыға алады деген үміт бар деп санайды. Ал банкті жабу - әсіре қолайсыз шешім болғандықтан, қазіргі қалыптасқан ахуалды өзгертуге қолдан келгеннің бәрі жасалады, бірінші кезекте банкке инвесторларды тартуға шаралар қолданылады.
"Біз еліміздің ең ірі банктеріне инвестор ролін атқару туралы ұсыныстар жасаймыз, бірақ, мұндай ұсыныс қабылданады дегенге кепілдік те, сенім де жоқ",- деді Б.Жәмішев.
Бүгінде Наурыз банкіне ҚР қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау Агенттігі мен ҚР Ұлттық банкінің қызметкерлерінен құралған уақытша әкімшілік басшылық жасауда. Консервация мерзімінде акционерлер мен басқарушы қызметкерлердің банк жұмысын басқаруға қатысты бүкіл құқығы тоқтатылады. Уақытша әкімшілікті құлағдар етпей жасалған немесе оның жазбаша рұқсатынсыз жүзеге асырылған барлық сауда-саттық шаралары заңсыз деп танылады. Сондай-ақ, салымшылардың есепшотынан ақша алуға, соның ішінде жеке және заңды тұлғалардың депозиттік есепшотынан ақша алуға қатысты барлық операцияларға тыйым салынды. Несие беру секілді активті операциялар да тоқтатылды.
Дегенмен, Наурыз банкі ақша аудару (Вестерн Юнион), салық және коммуналдық төлемдерді қабылдау, жалақы жобалары аясында қаржы алу операцияларын жүзеге асыра алады. Әсіресе банк таратқан несиелерді дер кезінде қайтаруға, мерзімі өтіп кеткен қарыздарды қайтаруға баса назар аударылады.
2004-жылғы 1-қарашадағы жағдаймен банк активтері 15,5 млрд. теңгені, несиелік қоржыны 10,7 млрд. теңгені құрады. Соның ішінде стандартқа сай келетін кредиттер үлесі 65%-ті, күмәнді кредиттер 30,8%-ті, үмітсізі - 3,85%-ті құрады. Банктің салымшылар алдындағы берешегі 13,2 млрд. теңге. Міндеттемелер құрылымы бойынша алсақ, 3,4 млрд. теңге (37,6%) ағымдағы есепшоттарға, 4,7 млрд. теңгесі мерзімді салымдарға (51,6 проценті) жатады.
Наурыз банкі жеке тұлғалардың салымдарына міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатындықтан, банк мәжбүрлі таратылған жағдайда салымшылардың қаржысы "Қазақстанның салымдарға кепілдік беру қоры" ЖАҚ-ның есебінен қайтарылады. 2004-жылғы 1-қазандағы жағдаймен жеке тұлғалардың Наурыз банкіндегі міндетті түрде кепілдік беруді талап ететін салымдарының көлемі 1 млрд. 612 млн. 314 мың теңгені құрайды. Оның ішінде осы салымдар бойынша қор қайтаратын көлемі 981 млн. 974 мың теңгеге тең.
"Қазақстан Наурыз банкі" АҚ "Қазагроөнеркәсіп банкі" ААҚ-ның заңды мұрагері болып табылады.
Соңғысына қатысты да 2001-жылы салымшылар алдындағы міндеттемесін орындамауға және заңдарды бұзуға байланысты консервациялау тәртібі қолданылған. "Өкінішке орай оқиға үш жылдан кейін айна-қатесіз қайталанып отыр",- деді Б.Жәмішев.