"Эфирге шықпасам - тұншығам": Нұртілеу Иманғалиұлы жайлы әсерлі жазба жарияланды

Бұл туралы ол әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

Қош, АҒА!

Ала таңнан қаралы хабар келді( Нұр-ағам көз жұмыпты. Өзі өмірін арнаған телевизиядан алшақтау қалған жылдары "Эфир, студия деген мен үшін ауа секілді ғой, жасымнан үйренгем, эфирге шықпасам - тұншығам", – деп еді. Жасынан "Көкпарлатып", журналистиканың сан додасына түскен, ыстығы мен суығына "Бетпе-бет" келген ағамызды түсіндік, төмен қарадық. Содан "Жетісу" экранынан "Бай-қуатты болайықты" жарқ еткізді. Одан кейін ҰТА-дан "Нұр-Тілеу" шықты. Сырқаты қанша жерден меңдесе де "Ал, менде запись, кеттім", – деп асығып жүретін. Бейсекең туралы "Сәуле-ғұмыр" түсірілгенде, ауруханадан шыққанына көп болмап еді, хабардың белортасына дейін қатысып: "Ал, енді маған рұқсат беріңдер, бауырларым, студияға қонақ шықырып қойып едім", – деп ізет көрсетіп кетті. Жиі хабарласып: "Қалайсыңдар, азаматтар?" –деп тұрушы еді. Біраз әңгімелескеннен кейін, "Сағынышым басылды, басқа шаруам жоқ, бай-қуатты болайық!" – деп трубканы қоятын. Ініге ағасы іздегеннен артық қандай мәртебе керек? Он күндей бұрын өзі қоңырау шалды. "Ауруханадан шықтым, әуре болмасын деп сендерге айтпадым. Мына ұйқы безі деген мазамды алып болды, тағы салмақ тастадым", – деп еді. Және: Ауырып жүргенімді ешкімге айтпаңдар, мүсіркегеннен басқа не көмегі болады дейсің, – деді. Сол сыр бермеген күйі соңғы сапарға аттаныпты. Бақұл болыңыз, Аға! Алла алдыңыздан жарылқасын! ,- деп жазды Серік Әбікенұлы.

Еске салсақ, бүгін таңертең 70 жасқа қараған шағында Қазақ телевизиясында 45 жыл қызмет атқарған журналистика ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті.