Баспасөз қызметінің хабарламасына сенсек, бүгін таңертең Астана уақытымен 9 сағат 52 минутта "Эйр Астана" АҚ-ына қарасты Боинг-757-200 ұшағы Атырау әуежайына қонбақшы болып төмендей бастаған сәтте ұшақтың доңғалағы шыққанын көрсететін индикатор істемей қалған.
"Экипаж бұл оқиға туралы Атырау әуежайының диспетчерлік қызметіне хабар беріп, ұшақтың индикациялық жүйесінде пайдаланылатын барлық шырағдандардың жұмысын тексеру үшін бір айналып шыққан. Соның нәтижесінде ұшақтың алдыңғы доңғалағының шыққанын көрсететін индикатор жүйесіндегі бір шырағданның жанып кеткені анықталды. Экипаж шырағданды алмастырды. Осыдан кейін индикатор жүйесі дұрыс жұмыс істей бастап, доңғалақтың өз орнынан дұрыс шыққанын көрсетті",- деп хабарлайды әуе компаниясы.
Сөйтіп, экипаж қарапайым режимде 10 сағат 16 минутта әуежайға қонды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Азаматтық авиация саласындағы нормативтік құжаттарға сәйкес, ұшақ борында бүгін болған оқиға апатты жағдайда қонуға жатпайды. Соған сәйкес ҚР мемлекеттік авиақадағалау қызметімен келісу негізінде ұшақ ешбір шектеусіз қайтадан пайдаланыла бастады.
Ұшақ рейсті одан әрі жалғастырып, 14 сағат 43 минутта Оралға ұшып шықты.