Баспасөз баянында атап көрсетілгеніндей, "туристік бизнесте ауқымды топты құрайтын Қазақстанның басқа облыстары мен қалаларының тұрғындары үшін шетелдерге Алматы арқылы емес, Астана арқылы ұшу қиындық тудырмайды".
"Эйр Астана" әуе компаниясы "халықаралық әуе желілерін Алматыдан Астанаға ауыстыруды қолдайды, өйткені, Елордасындағы жаңа халықаралық терминал дүниежүзілік талапқа сай",- делінген баспасөз баянында.
Әуе компаниясының пайымдауынша, "халықаралық әуе желілерін Алматыдан Астанаға ауыстыру халықаралық әуе компанияларын алаңдатуға тиіс емес, өйткені, Қазақстанға келетін және Қазақстаннан ұшатын жолаушылар олардың қызметін бұрынғыдай тұтына бермек",- делінген хабарламада.
Сонымен бірге "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз баянында "халықаралық әуе тасымалымен айналысушы барлық компаниялармен жақсы қарым-қатынасты сақтап қалуға" ниет білдірілген. "Өйткені біз біртұтас авиациялық қоғамдастықтың мүшесіміз",- делінген хабарламада.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР көлік және коммуникация министрлігінің шешімімен 2005-жылдың 1-қыркүйегінен бастап халықаралық әуе желілері Алматыдан Астанаға ауыстырылады.
Алматыға тікелей рейстер жасайтын әуе компанияларының арасында Lufthansa, KLM, Turkish Airlines, British Airways, China Southern Airlines, Iran Air, Pakistan International сынды ірі компаниялар бар.