"Эйр Астана" ЖАҚ-ның кәсіподақ кеңесінің мүшелері әуе компаниясының президентін Қазақстан конституциясы мен заңдарын орындауға шақыруды мемлекет басшысынан сұрады

Т.Квятковскаяның айтуынша, әуе компаниясы ҚР Ата заңын "өрескел бұзып отыр". Атап айтсақ, "адам мен оның өмірі - баға жетпес құндылық екені көрсетілген Ата заңның 1-бабы, адамдарды нәсіліне, ұлтына және мекен-тұрағына қарай алаауға тыйым салатын 14-бабы, бірлестіктер құру еркіндігіне кепілдік беретін 23-бабы, ақпарат алуға құқық беретін 20-бабы, азаматтардың өз құқығын жан-жақты заңды тәсілдермен қорғау құқығы туралы 13-бабын компания белден басып отыр".

Депутаттың ақпаратына сәйкес, әуе компаиясының жұмысында "бірқатар өрескел қайшылықтар байқалған". Мәселен, "сертификат алу үшін "Эйр Астана" ұсынған құжаттар компания құрылғаннан кейін құрылымдық және техникалық қамтамасыздық тұрғысынан өзгертілген. Бұл компания іс-қызметін тоқтатуға түрткі болуы тиіс".
"Ұшулардың санитарлық уақыты режимін бұзу жиі кездеседі, әсіресе мұндай жағдай тура және кері бағытта орындалатын рейстерде жиі ұшырасады. Санитарлық уақыт тек экипаждың келісімімен шектеулі мөлшерде ғана созылуы тиіс. Мұндай келісім қағаз жүзінде болғанымен, шын мәнісінде ешкім де оған қарсылық білдіре алмайды, ондай жағдайда жұмыстан шығарылады",- деді Т.Квятковская. Оның айтуынша, "ұшақтарды рейске сақтандырусыз жіберу, немесе, ұшақтар бір рейстен келе ұшу қорытындысы бойынша экипаж тиісті құжаттарға ұшақ ахуалына қатысты техникалық ескертулер жазғанына қарамастан оны қайтадан рейске шығару оқиғалары болған".
Депутаттың пайымдауынша, "мұндай жағдай қауіпсіздік қамын кейінге ысырып, ашқарақтана пайда қуу салдарынан шығып отыр".
Бұған қоса Т.Квятковская әуе компаниясына қызметкерлер жалдау саласында да алалаушылық белең алып отырғанын алға тартады. "Ллойд Пакстон мырза еліміздің тәжірибелі ұшқыштары Ресей мен басқа да елдерге кетіп жатқанда, жұмысқа көбінесе шетелдік ұшқыштарды жалдайды. Ал қазақстандық ұшқыштардың жалақысы мың доллардың айналасында болса, шетелдіктерге 8-10 есе артық жалақы төленеді",- деді Т.Квятковская.
"Біз әуе компаниясының еңбек министрлігінен шетелдік мамандарды жалдауға квота алған-алмағаны туралы және оның құрылымы туралы ақпарат ала алмай отырмыз. Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын ұлттық тасымалдаушы компанияның басқарушылары түгелдей шетелдіктер болуы және олардың арасынан еліміздің не мемлекеттік, не болмаса тіпті ресми тілді білетін бір адамның табылмауы мүмкін бе?".
Сонымен бірге, Т.Квятковскаяның айтуынша, "кейінгі 3-4 айда компания жолсеріктердің 60 процентінен айрылған". Депутаттың айтуынша, олардың бір бөлігі өз еріктерімен жұмыстан кетіп қалса, бір бөлігі жұмыстан шығарылған. "Тіпті жолсеріктердің инструкторлары да жұмыстан босатылған. Бұған қағаз жүзінде келісім-шарт мерзімінің аяқталуы сылтау болса, шын мәнісінде кәсіподақ ұйымына мүшелікке өту және қол астындағыларға тиісті құқықтарын түсіндіру оқиғалары түрткі болған". "Жоғарыда аталған және басқа да алаңдаушылық тудыратын деректер бізді компания басшылығының саясаты тек бәсекелес әуе компанияларын біржола жоюға ғана емес, сонымен бірге қазақстандық авиация мамандарының еңбек рыногын да құрдымға кетіруге бағытталған-ау деген ойға жетелейді. Ал компания жұмысыынң техникалық қауіпсіздігі мәселесіне келсек, бұл жерде адамдар өміріне қауіп төндіретін бірқатар қайшылықтарды жою үшін тексерулер жүргізетін аузы дуалы комиссия құру қажет",- деді депутат.
Осыған байланысты "Эйр Астана" ЖАҚ-ның кәсіподақ кеңесінің атынан депутат Қазақстан президентінен тиісті мемлекеттік органдарға Пакстон мырзаны еліміздің Ата заңы мен заңдарын орындауға шақыру туралы тапсырма беруді өтінеді.