В.Карпычевтың ақпаратына жүгінсек, өкілдіктің 200 қызметкері, соның ішінде 54 ұшқыш 2004-жылғы қаңтар және ақпан айларындағы еңбекақысын алған жоқ. Ал "Эйр Қазақстан" ЖАҚ басшылығының бұйрығымен өкілдіктің жабылуына байланысты 9-24 - наурыз аралығында өкілдіктің барлық қызметкерлері жұмыстан босатылады.
Сондай-ақ, В.Карпычевтың мәліметі бойынша, қазіргі жағдаймен коммуналдық қызмет төлемдері бойынша өкілдіктің "Павлодар әуежайы" ААҚ-ның алдындағы берешегі 1 млн. теңгені құрайды. "Коммуналдық қызмет төлемдері бойынша берешек өтелмеген жағдайда өкілдік ғимараты тоқ пен судан ажыратылып, бу қазандығының жұмысы тоқтатылып, ұшақтарды күзету жұмысы доғарылғалы отыр",- дейді В.Карпычев.
Өкілдік ұжымы "Ертіс-Авиа ӘК" ААҚ-ын "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-на біріктіру жөніндегі 2002-жылдың 13-ақпанындағы №1004-ші үкімет қаулысының күшін жоюды өтініп бұған дейін ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкіметке жолдаған хатынан әлі де үміт күтуде. Ұжым хатында атап көрсетілгеніндей, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның Павлодарлық және Өскемендік өкілдігінің негізінде, сондай-ақ, 2002-жылы "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның иелігіне өткен бұрынғы "Ертіс-Авиа ӘК" ААҚ-ының мүлік кешенінің негізінде тиімді жұмыс істейтін аймақтық әуе компаниясын құру туралы ұсыныс білдірілген.
"Біз ҚР парламенті мәжілісінде құрылған арнаулы депутаттық комиссияның жәрдеміне де сенім артамыз",- дейді В.Карпычев.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 2004-жылдың 5-ақпанынан бастап "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның Павлодарлық өкілдігі атқарып келген ұшу бағыттары "Скат" әуе компаниясына өткерілді.