Экология және тұрақты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты аймақтық форумы - APFED төрағасы Қазақстанды осынау халықаралық ұйымға мүшелікке өтуге шақырды

Р.Хашимотоның айтуынша, Қазақстан президенті "қазір Астанада өтіп жатқан кеңес жұмысына үлкен қызығушылық танытты". Сондай-ақ, Р.Хашимото "қазір БҰҰ бас хатшысының жанында су мәселесіне байланысты консультативтік кеңес құру процессі жүзеге асырылып жатқанынан" Н.Назарбаевты құлағдар етті.

"Мен Қазақстанның осы ұйымға мүшелікке өтуі қажет деген ұсыныс жасадым",- дейді Р.Хашимото. Оның түсініктемесіне жүгінсек, "дүниежүзілік қауымдастық Арал проблемасының мән-жайынан белгілі дәрежеде хабардар", алайда, "Каспий қайраңын игеру салдарынан туындауы мүмкін экологиялық проблемалар туралы ақпараттан дүниежүзілік қауымдастық бейхабар". "БҰҰ бас хатшысының жанынан құрылатын су мәселесіне байланысты консультативтік кеңеске Қазақстан өз өкілін жіберсе жақсы болар еді",- деді ол.
Р.Хашимото 1996-1998-жылдар аралығында Жапония үкімет басшысы болған. Қазір ол Экология және тұрақты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты аймақтық форумының (APFED) төрағасы. Бұл күндері Астанада форумның бесінші отырысы өтуде.