Бүгін сенаттың жалпы отырысында депутаттардың сауалына жауап берген А.Мусин: "еңбекақы төлеуде әлеуметтік теңсіздік оқиғалары бар", деп мәлімдеді. "Егер жобаны қаржыландыруға шетелдік инвестор бөлетін қаржы мен субмердігердің жергілікті компанияларға бөлетін қаржысын салыстыратын болсақ, еңбекақы қорында үлкен айырмашылық бар",- деді ол.
Дегенмен, 20-қазанда "Сенімді құрылыс" компаниясында істейтін қазақ және түрік жұмысшылар арасында болған қақтығысты министр жай төбелес деп санайды. "Осындай шағын жерде шоғырланған адамдар арасында түрлі текетірістер туындамай тұрмайтыны анық. Осы жолғы қақтығыс жаппай белең алды. Бұл жай төбелес",- деді министр.
Министрдің пікірінше, аталған оқиғада "әлеуметтік теңсіздік мәселесіне назар шоғырландырудың қажеті жоқ". "Теңіздегі аядай аумақта 12 мыңдай жұмысшы шоғырланған. Олардың ішінде мыңдаған шетелдіктер бар. Әзірге еліміз шетелдік мамандардың қатысуынсыз ғаламдық ауқымды жобаларын жүзеге асыра алмайды",- деді министр.
"Біз қазір шетелдік компаниялармен, жергілікті атқарушы билік органдарымен және орталық билік органдарының өкілімен бірлесе жұмыс істеуге тиіспіз. Аталмыш мәселені (шетелдік компаниялардың іс-қызметі - Kazakhstan Today ескертпесі) жауаптанатын біздің министрлік пен жергілікті атқарушы билік органдары оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеуге тиіс",- деді министр.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті